10:28, 21 Ақпан 2013 | GMT +5
Көктем елордаға кешігіп келеді
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Наурыз - көктемнің алғашқы айы. Алайда, бұл айда еліміздің солтүстігінде қардың көбесі сөгіле қоймайды. Күн райы да күндіз жібіп, түнде қатып, құбылмалы температура сақталады. Биылғы жылы да наурыз тез жылынайын деп тұрған жоқ.

Бұл туралы astana.kz сайтына «Қазгидромет» РМК-дан мәлім етті.
Елордада синоптиктердің мәліметі бойынша, наурыз айы барынша салқын болады. Оған басты себеп солтүстік-батыс антициклонының енуі. Ауа температурасы түнде 18 - 23 градус аяз, күндіз -7-ден -12 градусқа дейін төмендейді.
Алайда, бірінші онкүндіктің аяғында оңтүстік Каспийден соққан циклон ауа температурасында айтарлықтай жылылық туғызады. Осы кезде қар жауып, боран тұрып, көктайғақ болуы мүмкін. Термометр бағаны түнде -5-10 градус, күндіз -2 - +3 градус аралығында құбылады.
«Екінші онкүндік аязпен басталып, үшінші онкүндіктің аяғына дейін сақталады. Көктем наурыз айының аяғында ғана өз күшіне енеді», - деп хабарлайды гидрометорталығының қызметкерлері.