Көктемде картоп бағасы өсуі мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде негізгі көкөніс өнімдеріне бағаның құбылу қаупі бар ма? Осы орайда биыл жаңа өнім шыққанша картоп бағасы шарықтауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.

картоп, картофель
Фото: ҚР АШМ

- Айта кету қажет, мемлекеттік органдар өндірушілер тарапынан бағаның қалыптасуын реттемейді. Картоптың бағасы нарықтық жолмен қалыптасады және ішкі әрі сыртқы факторлардың жиынтығына байланысты болады. Олардың қатарында қор көлемі, сұраныс пен ұсыныс деңгейі, логистикалық шығындар, сондай-ақ импорттық-экспорттық үдерістер бар. Осыған байланысты жаңа өнім нарыққа түскенге дейін маусымаралық кезеңге байланысты бағаның өзгеруі мүмкін, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомствоның мәліметінше, бағаның маусымдық ауытқуын тежеу және ішкі нарықты толықтыру мақсатында импорттық жеткізілімдер ұйымдастырылады.

Айта кетейік, наурыз айының басында елімізде картоп экспорты жалғасатыны, жұмыртқа импорты уақытша тоқтайтыны мәлім болды.

Бұған дейін хабарланғандай, Павлодар қоймаларында 50 мың тонна картоп пен 30 мың тонна сәбіз сақталып тұр.

 

Соңғы жаңалықтар