Көктемгі су тасқынына дайындық: Орал қаласы мен Қаратөбе ауданы әкіміне сөгіс жарияланды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында көктемде су басу қаупі бар 186 елді мекен есепке алынды.

Атырау облысындағы су тасқыны
Фото: Атырау облысындағы су тасқыны\ Kazinform

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің мәлім еткеніндей, соның 128-інде қауіп азайтылған. Ал 58-інде қауіп сақталып отыр. Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, облыстың барлық аумағында күзгі топырақтың ылғалдануы нормадан 65 пайызға төмен. Қазіргі таңда облыс бойынша топырақтың қату тереңдігі өткен жылмен бірдей, 4-60 см арасында, ең жоғары көрсеткіштер Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында байқалады.

- Сондай-ақ ақпан айында жауын-шашынның мөлшері айлық нормадан көп болады деп болжанып отыр. Алдын ала деректер бойынша облыстың солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде топырақ бетіндегі мұз жамылғысы – 20 мм (өткен жылы – 70 мм). Наурыз айында температура күрт көтеріліп, қатты жаңбыр жауған жағдайда пайда болған мұз жамылғысы еріген қар суының ағысына әкелуі мүмкін. Әсіресе, Орал қаласына қоса Тасқала, Казталов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық және Бәйтерек ауданында су тасқыны қаупі жоғары, - дейді Б.Нарымбетов.

Оның айтуынша, Жол картасы мен инженерлік жұмыстар жоспары аясында, сондай-ақ «Демеу Қазақстан қоры» қаражаты есебінен (барлығы 115) 106 су тасқынына қарсы іс-шара орындалған. Жалпы, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін 3,9 млрд теңгеге 107 км 53 қорғаныс бекеті орнатылды. Басқалай жұмыстар атқарылып жатқанымен, кемшіліктер де бар.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару үшін «Батыс Ирригация» КММ құрылған болатын. Алайда облыстық су нысандарын теңгерімге алу жұмысы баяу жүргізілуде. Күні бүгін тиісті 102 су нысанының тек 36-сы немесе 35,3 пайызы ғана мекеме балансына алынды, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар өзендерде 230 млн теңгеге 5 бригадамен мұз жару жұмыстарын жүргізуді көздейтін конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ақпан айының басы болса да, Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәселені шеше алмай отыр.

- Далада қар қоры бойынша болжамды деректердің болмауы, шағын өзендер бассейндерінде мониторингтің жүргізілмеуі алаңдатады. Қазіргі таңда «Қазгидромет» РМК тек алты өзен бойынша мониторинг жүргізуде. Ал қалған шағын өзендер (ұзындығы 200 шақырымға дейінгі 35 өзен) назардан тыс қалып отыр. Сондықтан аталған мекеме барлық шағын өзендер мен далалық аймақтар бассейндерінде қарды түсіру және көктемгі су тасу кезеңіне қатысты болжау жұмыстарын кеңейтуі қажет, - дейді Б.Нарымбетов.

Сол секілді Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы балансындағы 2 тоған (Орал қаласында Ветелки және Казенный) бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Облыс орталығында Жайық өзенінің жағасын Шамсутдинов көшесіне дейін нығайту үшін республикалық бюджеттен 792,7 млн теңге қажет. Оған қоса Чечерняядан Шамсутдинов көшесіне дейін жағалауды нығайтуға (екінші кезең) тағы 881,7 млн теңге керек.

- Жалпы, жоспарланған іс-шараларды сапалы және уақытылы орындаған Бөрлі және Бәйтерек аудандарын атап өтуге болады. Ал керісінше Қаратөбе ауданында Қалдығайты ауылының су бұру каналын тереңдету және ұлғайту, сонымен қатар қорғаныс бөгетін нығайту мен биіктету жұмысы толықтай орындалмады. Орал қаласында өзендер жағалауларында тұрғызылып жатқан қорғаныс бөгеттерінің жұмысы өте баяу жүргізілуде, атап айтқанда, «Орал» гараж кооперативі, Жас натуралистер бекеті аумағында жұмыстар әлі басталмады деп айтуға болады, - деді Б.Нарымбетов.

БҚО әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалық етуімен өткізілген аппараттық кеңесте 2025 жылғы су тасқынына дайындық мәселесі талқыланып, соның қорытындысы бойынша Орал қаласы мен Қаратөбе ауданының әкімдері Мұрат Байменов пен Қадыржан Сүйеуғалиевке сөгіс, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевқа ескерту жарияланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық барысында бірқатар мәселе шешілмей отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда биылғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін бе, оны да сараптап көрдік.

Соңғы жаңалықтар