Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Көк-Жайлаудағы курорт Алматыны ауызсусыз қалдыра ма - жоба өкілдері тұрғындар күдігіне жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Көк-Жайлаудағы Almaty SuperSki курорты Алматыны ауызсусыз қалдырмайды, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер құрылыс аумағынан тыс жерде орналасқан, ал табылған археологиялық нысандар зерттеліп, сақталады. Жоба өкілдері тұрғындарды алаңдатқан негізгі қауіптерге жауап беріп, курорттың табиғат пен қала инфрақұрылымына әсері ғылыми зерттеулер негізінде бағаланғанын мәлімдеді.

а
Фото: Б.Хасенова

Алматыда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Көкжайлау шатқалында салынатын Almaty SuperSki тау курортының құрылысы қалай жүргізілетінін айтты.

Талқылауға ғалымдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Барлық жұмыстар ғылыми талапқа сай жүргізіледі»

Еркінбаевтың айтуынша, қазір құрылыс алаңында мердігерлер жұмыс істеп жатыр. Олар технологиялық жолдар салып, электр желісін тартып, шамамен он жыл бұрын салынған трансформаторлық қосалқы стансаны қалпына келтіруде.

Ол құрылыс кезінде табиғи аумаққа белгілі бір деңгейде әсер ететінін жасырмады. Алайда бүлінген жерлерді барынша қалпына келтіруге және жұмыс барысын ашық көрсетуге уәде берді. Құрылыс алаңындағы жағдай туралы фотосуреттер тұрақты түрде жарияланып отырмақ.

а
Фото: Kazinform

«Құрылыс-монтаж жұмысы болғаннан кейін оның салдары болмай қоймайды. Үйде шам ілсеңіз де, шаң шығады. Сондықтан біз шындықты айтуымыз керек: жер қазамыз, топырақтың үстіңгі қабатын аламыз. Бірақ бәрі ғылыми талаптарға сай жүргізіліп, кейін қалпына келтіріледі. Табиғи ортаға мүлде тимей, мұндай үлкен жобаны жүзеге асыру мүмкін емес», – деді Еркінбаев.

Оның сөзінше, тұрғындардың кейбір алаңдаушылығы ақпараттың жеткіліксіздігінен туындап отыр.

«Жобаға бейжай қарамайтын, сұрақ қойып, талқылауға қатысатын адамдардың және Үйлестіру кеңесінің рөлі өте маңызды. Бұл бізге тұрғындарды қандай мәселелер алаңдататынын түсінуге және ештеңені жасырмай, нақты жауап беруге көмектеседі», – деді ол.

Курорт Алматыны ауыз сусыз қалдырмайды

Алматылықтарды алаңдатқан негізгі мәселенің бірі – курорттың қаладағы ауызсуға әсері.

Еркінбаев су тапшылығы болады деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның мәліметінше, Алматы суының шамамен 60 пайызын жерасты көздерінен алады. Қалған 40 пайызы тау су көздерінен келеді.

Бұл өзенде Алматыға ауыз су беретін ірі су тарту нысандары жоқ.

Еркінбаевтың айтуынша, мамандардың зерттеуі өзен суы курортқа жететінін көрсеткен. Қонақүйлер лық толып, шамамен 500 қар атқыш бір мезетте жұмыс істеген күннің өзінде, курорт өзен суының 14 пайызынан артық пайдаланбайды.

а
Фото: Kazinform

«Курорт қаланы сумен қамтамасыз ететін негізгі көздерге әсер етпейді. Сондықтан бұл мәселені жұртқа анық түсіндіру керек», – деді ол.

Оның мәліметінше, Алматының су жүйесі тәулігіне 1,2 млн текше метрге дейін су бере алады. Ал қала қазір тәулігіне шамамен 600 мың текше метр су тұтынады.

Қызыл кітаптағы өсімдіктер құрылыс аймағында емес

Көк-Жайлаудағы өсімдіктерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары зерттеген. Олардың қорытындысы бойынша, негізгі құрылыс жүретін жерлерден Қызыл кітапқа енген өсімдіктер табылмаған.

Көк-Жайлауда Островский қызғалдағы және Сиверс алмасы өседі. Бірақ ғалымдардың мәліметінше, олар құрылыс салынатын аумақтан тыс жерде орналасқан.

Болашақ курорт аумағында шамамен 19 гектар жерге қолдан отырғызылған еуропалық шыршалар бар. Еркінбаевтың айтуынша, кейбір шыршалар қураған немесе ауру ағаштар қатарына жатқызылған. Кесілген ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызылмақ.

«Шырша әдемі ағаш екені рас. Бірақ құрылысқа байланысты кейбірін кесуге, кейбірін көшіруге тура келеді. Соған қарамастан, барлық ағаштың орнын толтырамыз. Қураған және санитарлық жағдайы нашар ағаштар үшін де жаңа көшет отырғызылады», – деді ол.

Археологтер 123 көне нысан тапты

Жоба басталғанға дейін болашақ курорт аумағында ресми тіркелген тарихи-мәдени ескерткіштер болмаған. Қоғам белсенділері мәселе көтергеннен кейін жобаға жауапты тарап Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтын шақырып, зерттеу жұмыстарына қаржы бөлген.

Археологтер 123 нысан тапқан. Институттың мониторинг және қорғау археологиясы тобының жетекшісі Ерлан Әміровтің айтуынша, 79 нысан құрылыс жүретін жерде жатыр. Олардың барлығы толық зерттеледі. Қалған 44 нысан сол күйінде сақталып, айналасына қорғалатын аумақ белгіленеді.

Әміровтің сөзінше, бұл жерді адамдар мыңдаған жыл бойы мекендеген. Сондықтан әр дәуірден қалған заттар бір-бірімен араласып кеткен.

«Мысалы, бір жерде қола дәуірінде қоныс болған. 600 жылдан кейін сақтар келіп, қорған тұрғызған кезде бұрынғы заттарды қозғаған. Тағы мың жылдай уақыт өткен соң қазақтар келіп, жартылай жеркепе салуы мүмкін. Сөйтіп, әр кезеңнің бұйымдары араласып кеткен», – деді археолог.

Кейбір қорымдар тоналған. Мұны бұзылған тас қоршаулар мен шашылып жатқан заттар аңғартады.

Зерттеу аяқталған соң, табылған заттар Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы комиссиясына беріледі. Комиссия жәдігерлердің қай музейге тапсырылатынын шешеді.

Еркінбаев тарихи маңызы бар нысандардың сақталатынын айтты. Егер ескерткішті көшіруге болмаса немесе орнынан қозғау дұрыс деп табылмаса, сол жерде музейге айналдыру қарастырылуы мүмкін.

а
Фото: Kazinform

«Біз де осы елдің азаматымыз. «Бәйтерек» холдингінің басшылығы тарихи мұраға ерекше ұқыппен қарауды тапсырды. Құрылыс қанша маңызды болса да, ескерткіштер сақталуға тиіс», – деді ол.

Кейін курорт аумағында археологиялық жәдігерлер қойылатын музей ашылуы мүмкін. Бірақ ол үшін мекеме ресми тіркеліп, тиісті құжаттарын алуы керек.

Табиғатқа әсері курорт ашылғаннан кейін де бақыланады

Жоба өкілдері ғылыми ұйымдармен бірге ұзақ мерзімді экологиялық бақылау жүргізуге келіскен.

Мамандар құрылыс кезінде де, курорт ашылғаннан кейін де судың, топырақтың, ауаның, өсімдіктер мен жануарлардың жағдайын бақылап отырады.

Жиынға қатысушылар табиғатқа әсерді бағалайтын бірнеше нақты көрсеткіш белгілеп, оның нәтижелерін жұртқа тұрақты жариялап тұруды ұсынды. Еркінбаев бұл ұсынысты қолдады.

Францияның POMA компаниясы 11 аспалы жол салады

Курорттағы 11 аспалы жолды Францияның POMA компаниясы салмақ. Еркінбаевтың айтуынша, келісім бойынша жұмыстың кемінде 30 пайызы Қазақстанда атқарылуға тиіс. Елде жасауға болатын құрылыс бөлшектері мен жабдықтар осында өндіріледі.

Аспалы жолдарды POMA өзі салып, толық дайын күйінде тапсырады.«Кейде аспалы жолды өндірушіден сатып алып, оны жергілікті компания құрастырады. Бірақ олардың тәжірибесі әртүрлі болуы мүмкін. Біз бұл жобаны тым жауапты деп есептедік. Сондықтан ғасырлық тәжірибесі бар компания нысанды өзі салып, оның сапасына да өзі жауап беруі керек», – деді Еркінбаев.

Жобаға Ұлттық қордан ақша алынбайды

Еркінбаев Ұлттық қордың ақшасы пайдаланылады деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай мәлімет техникалық қате мен дұрыс аударылмаған мәтіннен кейін тараған.

«Бұл жоба Ұлттық қордан қаржыландырылмайды. Жоба «Бәйтерек» холдингінің қаражаты есебінен қаржыландырылады», – деді ол.

Балалар мен мүгедектігі бар адамдарға кіру тегін болуы мүмкін

Курортқа кіру барлығына бірдей тегін болмайды. Себебі оны күтіп ұстауға үнемі қаржы қажет. Дегенмен жоба басшылығы жеңілдетілген бағалар қарастырылатынын айтты.

Еркінбаевтың сөзінше, мектеп оқушылары мен мүгедектігі бар адамдар курортқа тегін кіре алады. Студенттер мен зейнеткерлерге қолжетімді баға белгілеу жоспарланып отыр.

Балаларға арналған шаңғы сабақтары мен жазғы демалыстың кейбір түрлері де тегін болуы мүмкін.

«Ақылы абонементтің бағасы қарапайым алматылықтың немесе қазақстандықтың қалтасы көтермейтіндей болмауы керек», – деді Еркінбаев.