Көкжөтел асқынса басқа да ауруларға әкелуі мүмкін

врач
Фото: freepik.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көкжөтел — бүкіл әлемге тараған эндемиялық, зардабын вакцина арқылы алдын алуға болатын балалар ауруы. Ол сондай-ақ жөтелмен бірге жоғарғы тыныс жолдарының бактериялық инфекциясы болып табылады. Бұл туралы Алматы No36 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Динара Қайыпова айтты.  

Дәрігерлердің айтуынша, көкжөтел балалар мен жасөспірімдерге үлкен қауіп төндіреді. Алайда, ересектерде аурудың асқынуы төмен, себебі, ол балалық шақта алған екпеден кейінгі иммунитеттің дамуымен байланысты. Егер екпе жасалмаса, инфекцияның ауыр түрде өтеді.

«Көкжөтелге тән белгілер инфекция жұқтырғаннан кейінгі 10-14 күннен кейін дами бастайды. Ауру бірнеше даму сатысынан өтеді. Катаральды кезеңде суық тиюге ұқсас белгілер байқалады, яғни, дене ыстығының көтерілуі, мұрыннан су ағу, түшкіру мен құрғақ жөтел. Келесі сатысында ауру спазматикалық жөтелмен қарқынды түрде дами бастайды. Жөтел науқасты әсіресе түнгі және таңғы уақыттарда мазалайды. Шулы ысқырықты сырыл естіледі. Жөтел ұстамалары ауаны жұтусыз басталып, дем алғанда көмей ысқырығымен аяқталады. Оттегінің жетіспеуінен бет қызарып ісінеді. Нәрестелерде спазматикалық жөтел тыныс алудың тоқтап қалуымен бірге жүреді, жалпы құрысу орын алуы мүмкін. Ауыра бастағанда қақырықтың жоғары тұтқырлығына байланысты бронх жеткіліксіздігі байқалады. Балаларда көкжөтелдің белгілері орта есеппен 4-6 апта бойы белсенді болады. Емдеу кезеңі 3-4 айға дейін созылады, бұл кезде қалдық жөтел бірте-бірте басылады», — дейді Динара Қайыпова.

Дәрігер көкжөтелді алдын алудың ең тиімді жолы — иммундық жүйені нығайту, вакцина алу және дер кезінде диагноз қою екенін атап өтті. Статистика бойынша жасөспірімдердің 40%-ы диагнозы қойылмаған көкжөтелге байланысты жөтеледі екен. Ересектерде бұл созылмалы жөтелдің қоздырғыш факторы болып табылады. Инфекцияның тұрақты түрде таралуы қоршаған ортада балалар мен ересектердің ауруды ары қарай жұқтыруға әкеледі.

«Егер сіздің балаңызда көкжөтел белгілері байқалса, ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін. Дәрігердің шешімі науқастың жасына және жағдайына байланысты болады. Негізгі асқыну — бактериялық инфекцияның қайталанып дамуы. Көкжөтел асқынған жағдайда келесі диагнозға айналуы мүмкін: бактериялық пневмония, өкпенің коллапсы, плеврит, бронхит, жарылған құлақ қалқаны, отит және синусит, грыжаның қалыптасуы, қабырғаның сынуы (ересектерде). Осыған байланысты вакцина алу — ауыр зардаптарға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардан қорғанудың тиімді құралы болып табылады. Көкжөтел — қауіпті ауру екенін есте ұстаған жөн. Уақтылы вакцина алу және дәрігерден кеңес алу — ауру мен асқынудың таралуын болдырмауға көмектеседі», — деп қорытындылады Динара Қайыпова.

Соңғы жаңалықтар