Қола бұйымдар отаны: Қытайдың Баоцзи қаласы Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Назарбаев университетінде «Қола мен Алтын адам — Қытай-Қазақстанның мәдени байланысы» форумы өтті.

Онда Қытай өркениетінің символы ретінде қола, ал Қазақстан тарапынан — Алтын адам бейнесі ұсынылды. Екі мәдени символды қатар көрсету өзара құрметтің, диалогтың және мәдени алмасудың белгісі болды және Ұлы Жібек жолы рухы мен Қытай мен Орталық Азияның «ортақ тағдыр қауымдастығы» тұжырымдамасы аясындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашады.

− 2013 жылдың қыркүйегінде дәл осы Назарбаев Университетінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп құру бастамасын жариялаған еді. Бүгінгі шара Қытай мен Қазақстан арасындағы Туризм жылы және төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтіп отыр. Бұл сол тарихи диалогтың мәдениет, өнер және білім арқылы өрбитін жалғасы. Назарбаев университеті аймақтағы жетекші оқу орындарымен, соның ішінде Цинхуа университетімен белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеді, − деді университеттің Студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова.



Баоцзи — Қытайдың батысындағы Шэньси провинциясындағы екінші ірі қала. Баоцзидің ежелгі атауы — Чэнцан Қытай өркениетінің маңызды бесігі саналады. Қалада 8000 жылдық өркениет тарихы бар. Сондай-ақ Баоцзи Қытай қола бұйымдарының отаны ретінде белгілі. Батыс Хань дәуіріне тиесілі Шичень қазаны мен кейінірек табылған Да Ю қазаны, Мао Гунь қазаны, Го Цзицзы Бай табағы, Саньши табағы сынды асыл мұралар ғылымда үлкен резонанс тудырған.

− Баоцзидегі 28 музейде 540 мыңнан астам жәдігер сақтаулы, оның ішінде 13 626 қола бұйымдары бар. Әлемге «Қытай» терминін алғаш жазбаша түрде көрсеткен Хэцзун дәл осы Баоцзиден табылған. Баоцзиден табылған мыңдаған қола бұйымдар жоғары дәрежелі құю технологиясы мен өнер жетістігін ғана емес, ежелгі Қытайдың саяси, экономикалық, әскери және қоғамдық өмірінің барлық қырын бейнелейтін дереккөз. Олар ежелгі өркениеттерді зерттеу үшін маңызды материал бола алады, − деді Баоцзи қаласының мәдени мұралар басқармасы басшысы Ли Сяоян.



Баоцзи қалалық партия комитетінің тұрақты мүшесі, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Бянь Яни бүгінгі форумға Хэцзунның көшірме нұсқасы әкелінгенін айтты. Бұл 3000 жыл бұрын жасалған салтанатты бұйым.
− Оның ішкі жағында 122 иероглифпен жазылған жазуда «Қытай» сөзі алғаш рет кездеседі. «Аспан дөңгелек, жер төртбұрыш» деген тұжырымға негізделген пішіні мен айшықты ою-өрнектері Қазақстан даласынан табылған «Алтын адамның» бейнелерімен үндеседі. Бірі Отан мен елді ұлықтайтын салтанатты бұйым, екіншісі − даланың ерлік рухын бейнелейтін алтын киім. Екеуі де «Бір белдеу — бір жол» бастамасындағы өркениет алуандығының жарық жұлдыздарына айналуда. Бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, біз бір-бірімізден үйреніп, артықшылықтарымызды толықтырып, өзара түсіністігімізді арттырғымыз келеді. Кеше біз Қазақстан Ұлттық музейі мен Баоцзи Қола бұйымдар музейі арасындағы ынтымақтастық меморандумына куә болдық. Музейдегі таңғажайып жәдігерлерді көріп, Жібек жолының екінші шетінде орналасқан Қазақстанның дала балбалдары, Абайдың поэзиясы мен қобыз әуенінің ежелгі даналықты сақтап тұрғанын сезіндік, − деді Бянь Яни.

Баоцзи әсем табиғатымен ғана емес, қуатты индустриясымен де танымал. Қала экономикасы 35 сала бойынша дамыған, 317 сала қамтылған, яғни өнеркәсіптің 85%-ын қамтиды. Баоцзи − «Баоши механикасы», «Циньчуань станоктары», «Қытай теміржолы көпір құрылысы», «Баотай титан тобы», «Geely автокөлігі», «Hande автомобиль белдіктері» сынды жетекші өндіріс орындарының мекені.

Электромобиль, мұнай, бұрғылау, жабдықтар, станоктар бойынша Баоцзидің артықшылықтары мол. Мұнда құрлықтағы ең ірі мұнай бұрғылау техникасы өндіріледі, Қытайдағы ең үлкен темір жол бұрылыстары шығарылады. Мұндағы титан өнеркәсібі Қытайда бірінші, әлемде — екінші орында тұр. Ірі жолаушы ұшағы C919, заманауи әскери ұшақтар, 4500 метр тереңдіктегі батискаф, зымырандар, ғарыштағы бақылау құрылғылары − барлығы Баоцзимен тығыз байланысты.

− Көне Жібек жолы бұрындары «дәмдеуіш жолы», «нефрит жолы», «шай жолы» ретінде белгілі еді. Бүгінде жаңа Жібек жолы − Қытай–Еуропа темір жолы секілді сауда арналары арқылы ынтымақтастық пен даму дәуірін жалғастыруда. Болашаққа көз тастай отырып, біз үш бағытта ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттіміз. Мәдениет саласында − «Қола мен Алтын адам» атты бірлескен бренд жобасын дамытып, Чжоу мәдениеті мен Қазақстанның алтын дәуір мәдениетінің өзара көрмелерін ұйымдастырамыз, Баоцзиді Қытай−Қазақстан мәдени алмасуының маңызды орталығына айналдырамыз, − деді Баоцзи қалалық партия комитетінің мүшесі Бянь Яни.


Сонымен бірге, туризм саласында қытайлық спикер Қазақстанның туристік мекемелерін «Жібек жолы өркениетімен танысу» турбағдарламаларын әзірлеуге шақырды. Өнеркәсіп саласында — Баоцзи еркін кедендік аймақ негізінде Қазақстанмен жоғары технологиялық өндіріс, энергетикалық жабдық салаларында ынтымақтастықты арттырып, «Қытайлық өндіріс» пен «Қазақстан ресурстары» өзара толықтыра алады.

− Былтыр Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2025 жылды «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» деп жариялады. Бұл бастама — 2024 жылғы «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының» жалғасы. Бұл елдеріміз арасындағы туристік ынтымақтастық тарихында жаңа мүмкіндіктер ашты. Қытай мен Қазақстанды ежелден берік экономикалық және мәдени байланыстар байланыстырады. Бүгінде біз бұл қатынастарды «Бір белдеу — Бір жол» бастамасы аясында жаңғыртып келеміз. Бұл орайда туризм халықтарымызды жақындастыратын маңызды құралға айналуда, − деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан Қытайды туризм саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Сондықтан екі елдің көрікті жерлерін біріктіретін, Жібек жолының заманауи жалғасына айналатын бірлескен туристік маршруттар мен туризмнің цифрлық экожүйесін құру бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.



Кеше Астанада «Қытай — Орталық Азия» ақпарат агенттіктерінің форумы өткен еді. Онда ҚР Президенті телерадиокешені мен «Синьхуа» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатта жаңалық контентімен алмасу, бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын дамыту, сондай-ақ ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.