Қолданбалы-өрт спорты бойынша ел чемпионатынан БҚО жасөспірімдер құрамасы бас жүлдемен оралды

ОРАЛ. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қаласында қолданбалы-өрт спортынан өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ ел чемпионатынан БҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп оралды.

Қолданбалы-өрт спорты бойынша ел чемпионатынан БҚО жасөспірімдер құрамасы бас жүлдемен оралды

Републиканың 16 өңірінен қатысқан команда арасында павлодарлықтар екінші, астаналықтар үшінші орынды еншіледі. Дәл осындай чемпионат өткен жылы Орал қаласында ұйымдастырылған болатын. Онда шығысқазақстандықтар жеңіс тұғырына көтерілсе, батысқазақстандықтар екінші орынға ие болған еді.

Чемпионат барысында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ҚР ТЖМ құрамасына үздіктер іріктелді. Оған БҚО құрамасынан Алексей Колесников пен Павел Петров енгізілді. Бұл екеуі Қазан (2010 жылы) мен Санкт-Петербор (2011 жылы) қалаларында өткен әлем чемпионаттарына қатысқан болатын.

БҚО төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі» ММ бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Мейіржан Мұхамбетқалиевтің айтуынша, мұнда команда мүшелері мен бапкері Ерген Бөрекешевтің үлесі мол. Жеңіспен оралған жас чемпиондарға грамоталар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.