Көлік министрлігі: Индустрияландыру бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат - Экономиканы индустрияландыру жөніндегі Елбасы жария еткен бағдарламаға сәйкес Көлік және коммуникация министрлігі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мақсатты жұмыстар жүргізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасы мәлім еткендей, автожол саласындағы негізгі жоба - «Батыс Еуропа ?Батыс Қытай» транзиттік автожол дәлізі болып табылады. Дәліздің ұзындығы - 8445 шақырым, оның 2 787 шақырымы - Қазақстанның аумағы арқылы өтеді, 2452 шақырым жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі (оның ішінде 1390 шақырымға ? І санаттағы, 1062 шақырымға - ІІ санаттағы жұмыстар жүргізілмек). Жобаның құны - 825,1 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде, 114,8 миллиард теңге - республикалық бюджеттен, 422,6 миллиард теңге ? сырттан тартылған займдар, 266,6 миллиард теңгесі- концессиялық негіздегі қаржы. 5 халықаралық қаржы институттарынан (МБРР, ЕБРР, АБР, ИБР және жапондық JIBIC агенттігінен) жалпы сомасы 3,5 миллиард доллардың заемдық қаражаты тартылды. Алғашқы келісімдер ( ЕБРР және АБР-мен) жасалынды, қалған келісімдерге ағымдағы жылдың соңына дейін қол қойылады. Дәлізді дамытуға Қазақстанның басты сауда серіктестері мүдделі және Министрлік Ресеймен, Қытаймен және Еуропалық одақпен меморандумдарға отырды. Жобаға жыл сайын орта есеппен 25 мыңдай адам жұмылдырылады: 2009 жылы -3,9 мың адам, 2010 жылы - 22,6 мың адам, 2011 жылы ? 28 мың адам, 2012 жылы ? 47 мың адам. Құрылыс жұмыстары 2009-2012 жылдардың аралығын қамтитын болады. Оған қоса, «Астана-Қарағанды», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас», Үлкен Алматы айналма жолы сияқты 4 концессиялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Дағдарысқа қарамастан, жобалардың тартымдылығы жоғары - бүгінде АҚШ, Франция, Германия, Австрия, Италия, Қытай, Түркия, Корея, Ресей, Израиль елдерінің 72 ірі компаниясы конкурстық құжаттарды алды. Конкурстық амалдарды ағымдағы жылдың маусым-қыркүйек айларының аралығында өткізу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2010 жылы басталады. Бүгінде өткізу мүмкіндіктері сын көтермей отырған, жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын және жедел жаңартуды қажет ететін учаскелерді концессиялық негізде қайта жаңарту жоспарлануда. Концессия ұзындығы 846 шақырымды құрайтын барлық жобаның жұмыстарын жеделдетіп, 2013 жылдары аяқтауға, бюджетке түсетін салмақты жеңілдетуге, қауіпсіздікті арттыруға, пайдалануға кететін шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді. Үкіметтің Жол картасында сондай-ақ, жергілікті жолдарды дамытуға да айрықша назар бөлініп отыр, ол жобаларды жүзеге асыру жергілікті жолдар мен көшелердің (2700 шақырымдай бөлігінің) жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жол картасы аясында жергілікті желілер бойынша жол жөндеу жұмыстарына 49 миллиард теңге бөлінуде, осының арқасында 55 мыңдай адамды жұмысқа тарту жоспарлануда. Экономиканы индустрияландырудағы тағы бір маңызды бағыт - қазақстандық үлесті арттыру мәселесі. Өзімізде автожол жұмыстарында қолданатын геосинтетика өнімдерінің, металл құрылғыларының (қоршаулар, белгілер, арматуралар), тірек бағандары мен сыр-бояу өнімдерінің өндірісі жолға қойылған. Импортталатын негізгі материал ? битум. Елбасының тапсырмасы бойынша Ақтаудағы пластикалық масса зауытының негізінде битум өндірісінің құрылысы басталды. Теміржол саласында да экспорттық және транзиттік тасымалдарды арттыруға, маршруттарды оңтайландыруға, аймақаралық қатынастарды дамытуға, жылдамдықты арттыру мен өзіндік құнды арзандатуға бағытталған бірқатар жобалар қолға алынуда. Қорғас-Жетіген жобасы (ұзындығы 398 шақырым) Қытаймен арадағы теміржол өткелінде екінші шекара бекетін ашуға және Достық стансысының жүгін біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді, жұмыстар шілде айында басталады. Сонымен қатар Достық-Ақтоғай уаскесі мен Достық стансысын дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Достық және Қорғас стансыларында жүк өткізілімінің жылдық көрсеткішін келешекте 35-40 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы сәуірдің 12-сінде Ералы-Құрық теміржол учаскесінің құрылысы басталды, бұл жобаның мақсаты - Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамыту. Қазақстан, Түрікменстан және Иран басшыларының тапсырмаларына сәйкес, ағымдағы жылдың IV тоқсанынан бастап республикалық бюджет есебінен Түрікменстан шекарасымен шектесетін Өзен теміржол желісінің құрылысы басталады. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің бір бөлігі болып табылатын бұл желі Қазақстанды Парсы шығанағы елдерімен тікелей байланыстыруды қамтамасыз ететін болады. Айта кетейік, Өзен ? Түрікменстан шекарасы теміржол желісі Қазақстан, Түрікменстан және Иранның бір мезгілде іске асырып жатқан Өзен (Қазақстан) ? Қызылқия ? Берекет ? Этрек (Түрікменстан) ? Горган (Иран) жобасының бөлігі болып табылады. Аталған теміржол арқылы Қазақстанның Түрікменстан, Иран және Парсы шығанағы елдерімен тікелей байланысы қалыптасады. Пайдаланудың бірінші жылында тасымал көлемі 5,5 млн. тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Өзен-Берекет-Горган теміржолының жалпы ұзындығы 678 шақырым, оның 138 шақырымы Қазақстан аумағында жатыр. Жалпы бұл желінің құрылысын 2012 жылы аяқтау жоспарланып отыр.Отандық көліктік машина жасау саласын дамытуда да серпін бар.
Астана қаласында локомотив құрастыратын зауыттың құрылысы аяқталып келеді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Зауытты 2009 жылдың шілдесінде іске қосу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы «Evolution» сериясымен тепловоздың жаңа үлгісін шығару көзделуде. Келесі жылдың ішінде 27 локомотив шығару жоспарда бар. Жобалық қуаты - жылына 100 локомотив. Бірінші кезеңде жұмысқа 150, екінші кезеңде 900 адам тартылатын болады. Бұдан бөлек 2011 жылы Алматы қаласында ? жолаушылар вагондарын жасау өндірісі, 2010 жылы Екібастұз қаласында - жүк вагондарын жасау, ал Атбасарда - электровоз өндірісі басталады. Азаматтық авиация саласында ағымдағы жылы Ақтаудағы жаңа аэровокзал құрылысы аяқталады, жаңа жолаушылар терминалы мен қайтадан төселіп жатқан ұшу-қону жолағындағы жұмыстар кезең бойынша жүргізілуде. Жоба концессиялық негізде жүзеге асырылуда. Құрылысын Түркияның «Туркуаз Инвест» ЖШС жүргізіп жатқан жаңа жолаушылар терминалында төлқұжаттық кабиналар, автоматтандырылған қауіпсіздік жүйесі, VIP, CIP залдары, дәмхана, мейрамхана, дүкендер, ана мен бала бөлмесі, намазхана, асхана сияқты қажетті нысандардың бәрі қарастырылған. Сағатына 450-500 жолаушы қабылдайтын әуежай ғимараты елімізде концессиялық тетікпен салынып жатқан алғашқы әуежайдың бірі. Қызылорда әуежайында да қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.