13:10, 04 Қазан 2013 | GMT +5
Көлік пен баспанаға салықты есептегенде сараланған қадам қажет - Н. Нығматулин
АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Көлік пен баспанаға салықты есептегенде сараланған қадам қажет. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналған «Нұр Отан» ХДП парламенттік фракциясының отырысында палата төрағасы, фракция жетекшісі Нұрлан Нығматулин мәлім етті.

«Бұл жерде әділдік қайда? Қозғалтқышы 4000 текше сантиметрден асатын, 5-6 мыңға жететін топ-класқа жататын автокөлікке салынатын салық қайда? Мәселен, қозғалтқышы 6 мың текше сантиметр 1,5 миллион еуро тұратын «Мазератти» көлігінің салық құны 4000 текше сантиметрді құрайтын «Тойота-Прадо» көлігімен бірдей болмақ па?», - дейді Н. Нығматулин. Оның айтуынша, заң жобасымен түсетін жүктеме негізінен 3 мыңнан 4 мыңға дейінгі аралықтағы қозғалтқышы бар көліктерге қатысты болып тұр. Алайда мұнда көліктің жасы да, оның тозуы да ескерілмеген. Бұдан бөлек, спикер жылжымайтын мүлік салығына қатысты мәселені де сынға алды. «150 шаршы метр аумақты құрайтын пәтерлерге, 300 шаршы метрді құрайтын үйлерге салынатын салықты 3 есеге арттыру туралы айтқанда, бұнда үйдің нақты құны ескерілмегенін аңғарамыз», - дейді спикер.