«Көлік салығы көбейгеннен кім ұтады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 тамыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Көлік салығы көбейгеннен кім ұтады?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, автокөліктерге салықты өсіру мәселесі соңғы бірер ай көлемінде жұрт аузымен сан-саққа жүгіріп тұр. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың елдегі кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысы көп көңілге алаң салды. Содан бері бұл ұсыныс ел талқысында. Десек те, мәселенің мәнісіне барып, наразылық танытып жатқандар негізінен қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын жеңіл көлік иелері. Оларды қатты алаңдатқаны алдағы жылдың басынан бастап мотор көлемі 3-тен 4 мың текше сантиметр аралығындағы автокөліктерге салынатын салық 15 айлық есептік көрсеткіштен 35-66 АЕК-ке дейін бір-ақ көтерілмек. Бұл жайында басылымдағы «Көлік салығы көбейгеннен кім ұтады?» деген мақалада берілген.

«Өткен аптаның соңында елімізде тұңғыш рет халықаралық «Шыңғыстау-2013» жәрмеңкесі болды. Бұл - ұлы Абайдың елінде, Шыңғыстаудың жерінде осыдан 165 жыл бұрын Семей губерниясының Қарқаралы уезінде бастау алған әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің қайта жаңғыруы, жалғасы іспетті еді. Жәрмеңкеге Ресей Федерация­сының Алтай Республикасы, Моң­ғолияның Баян-Өлгей аймағы және еліміздің Алма­ты қаласы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар об­лыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының жетекші мамандары мен кәсіпкерлері келді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Шыңғыстау жәрмеңкесі» атты мақалада. Шыңғыстау жәр­мең­ке­сінде барлығы 115 сату-са­тып алу келісімшарты жасалды. Мәсе­лен, 404 бас ірі қараға 22 келісімшарт (205 млн. теңге), 53 мың бас қойға 89 келісім (860 млн. теңге) жасалса, 56 бас жылқыға 4 келісімге қол жеткізілді. Жалпы, есепте, 1 млрд. теңгеге жуық қар­жыға 54 мың бас мал сатылды.

***

«Айқын» газетінде көпшілік назарына «Абылайдың алтын тағы қайда?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Өзге бір жат жұртта болып қайтқан адам сол жақтағы көрген-білгенін өз еліндегімен еріксіз салыстыра бастайды. Бұл заңды да шығар. Айтпағымыз, жақында бір әріптесіміз туыс ел -Түркияның Топқапы сарайындағы Осман сұлтандарынан қалған тарихи жәдігерлерден алған әсерін жеткізе алмай, біраз толқыды. Әсіресе сол жердегі алтын тақ өзіне ерекше әсер етіпті. Әңгімесінің тоқетері мынау: «Біздің хандарымыз тек атқа мініп, тақта отырмаған ба, олардан қалған алтын тақ қайда?!». Түрік тұра тұрсын, Иранға барсаң, парсы шахының алтын сарайларына бір бас сұққан адам одан қайтып шыққысы келмейді. Басқаларды былай қойғанда, Қоқандағы Құдияр ханның алтын сарайы мен алтын тағын өзбектер өбектеп ұстап отыр. Біздің де хандарымыз атқа да мініп, тақта да отырып ел басқарған. Самарқан, Бұқара, Хиуадан тартсақ, талай тарих табанымыздың астында дөңгелер еді. Тас қала - Ташкентің 200 жыл бойы қазақ хандарының астанасы болған. Жатқа кеткен жерімізді жайымен қалдырсақ, өзіміздің Түркістан тұр. Қазақ хандарының басты ақ ордасы - Қожа Ахмет Йассауи кесенесі болған. Ал сол киелі жердегі өзге елдің жақсы-жайсаңын қабылдаған, қазылық айтқан, билік жүргізген, үкім кескен ақ қалпақты хандарымыздың отырған «алтын тағы» қайда?»,-деген мәселені көтеріп отыр басылым.

Осы басылымның жазуынша, Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Байтуған ауылында «Ленин жолы» атты мектептің аты жақында өзгертіледі. Бұл жөнінде Қарағанды облысы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов мәлім етті. «(«Ленин жолы») атының сақталып қалу себебін түсіндіре кетсек, мекеме елді мекен атауын өзгертуге мораторий жарияланғаны белгілі. Бұрын «Ленин жолы» совхозы болуына орай, мектеп те солай аталған. Оның атын өзгертуге қажетті құжаттар топтамасы дайын»,-делінген «Мектеп «Ленин жолымен» жүрмейді» атты мақалада.

Ауылдың аты қазір - Байтуған, енді мектептің де атын Байтуған орта мектебі деп атау ұсынылуда дейді Асхат Аймағамбетов. Аудан әкімінің орынбасары ономастика туралы заңнамаға биыл қаңтарда өзгерістер енгізілгенін айтты.

Бүгінгі таңда білім ордасының атын өзгерту үшін келесідей құжаттар керек: еңбек ұжымының хаттамасы, ауыл әкімінің өтініші, аудандық мәслихат пен әкімшілігінің бірлескен шешімі, экономикалық есеп, түсініктеме хат.