Көлік ұрлап, оны елордаға әкеп сатпақ болғандардың жолы кесілді
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Көлік ұрлап, оны елордаға әкеп сатпақ болғандардың жолы кесілді. Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
Қаңтар айының ортасында Петропавлда екі жолаушы такси жүргізушісін қорқытып, оның «ВМВ» маркалы автомашинасын иемденгенін атап өткен ресми өкілдің айтуынша, полиция қызметкерлері шұғыл арада «Тосқауыл» жоспарын іске қосқан. «Нәтижесінде автомашинаны сол күні жол полициясы қызметкерлері «Петропавл-Астана» автожолында анықтап, Петропавлдағы лицейлердің бірінің бірінші курс оқушысы мен 22 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады», - деді ол.
Оның айтуынша, олардың ұрланған автомашинаны Астанада сатпақшы болғандары анықталған. «Ұрланған автомашина иесіне қайтарылды. Қарақшылық шабуыл фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Қ.Жұманов.
Сондай-ақ Павлодар облыстық ІІД-нің жедел қызметкерлері өткен жылдың маусым айында аталған қаланың тұрғынына қарақшылық шабуыл жасап, «Газель» автомашинасын иемденгені үшін осы облыстың 36 жастағы тұрғынын қолға түсірген.