Көлік және коммуникация министрі Үкімет басшысына «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асу барысы жөнінде баяндады

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жамбыл облысындағы іссапары барысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асу барысымен танысты. ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осы аймақтағы, сондай-ақ транзиттік автомобиль дәлізі өтетін барлық бес облыс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады,

Көлік және коммуникация министрі Үкімет басшысына «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асу барысы жөнінде баяндады

деп хабарлайды ККМ баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні мердігерлік компаниялар жалпы ұзақтығы 1 186 км учаскелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 2 975 жол-құрылыс техникасы, 12 996 адам, оның ішінде 274 шетелдік мамандар жұмылдырылды. 1 165 мың м3 шағылтас, 1 416,7 мың м3 құм-қиыршық тас, 19,4 мың м3 темір-бетон бұйымдары әзірленді.

Қызылорда облысында жоғары кеуекті асфальт-бетоннан жол табанын төсеу жұмыстары басталып кетті.

2010-2012 жылдары құрылыс алаңдарында 10 мыңнан астам жол-құрылыс техникасы мен жабдықтар және 50 мың адам жұмылдыру көзделген.

Анықтама: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәліздің қазақстандық учаскесінің ұзақтығы 2787 км. Оның 2452 км учаскелерінде қайта салу жұмыстары жүргізіледі. Республикалық бюджеттік комиссияның 2008 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен жобаны қаржыландыру механизмдері мен көздері анықталған. 1644 км қайта салу жұмыстарына 422 млрд. теңгені құрайтын халықаралық қаржы институттарының займдары жұмсалады. Дәліздің 510 км жалпы көлемі 267 млрд теңге концессиялық негіздегі жекеменшік инвестициялар арқылы салынады. Республикалық бюджеттен бөлінетін 136 млрд теңге 298 км жөндеуге, сондай-ақ займ қаржыларына қайта салынып жатқан учаскелердегі жұмыстарды қаржыландыруға бағытталады.

Өткен жылдан бастап, халықаралық қаржы институттары қаржыландырған учаскелер бойынша мердігерлік компанияларды анықтау бойынша конкурстық процедуралар өткізілуде. Бүгінгі күні ұзақтығы 967 км учаскелер бойынша мердігерлер анықталды, осы жарты жылдықтың аяғына дейін 181 км жолды қайта салу бойынша мердігерлермен келісімшартқа қол қойылады. Қалған 496 км бойынша конкурстық процедуралар жылдың аяғына дейін өткізіледі.