20:34, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиацияға қатаң талап қойды
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігіне сілтеме жасап.Отырыста «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер ұлттық әуе тасымалы қызметінің 2008 жылғы жұмысының қорытындысы және 2009 жылы компанияны дамытудың міндеттері туралы баяндады. С.Ахметов: «Дағдарыс жағдайында, бүгінгі күн тәртібі - әлеуметтік мәселелер, саладағы жұмыс орындарын сақтап қалу және жалақыны уақытында төлеу. Сондай-ақ, қол жеткізген әуе тасымалы көлемін сақтап қалу және тарифтік бағаның өсуіне жол бермеу. Көлік және коммуникация министрлігі әуе кемелерінің техникалық жарақтануын күшейтіп, техникалық қауіпсіздікті күшейтуге әрекет етеді. Ұшу тұрақтылығының сақталмауы, авиатасымалы құнының қымбаттығы, қызмет сапасының төмендігі жолаушылардың ренішін туғызуда. Техникалық талаптардың күшейтілуі кеңес заманында шығарылған ескі авиа техникаларды қолданыстан шығаруды қажет етеді» - деп атап өтті. Отырыста, девальвация үрдісінің салаға тигізер әсері туралы да айтылды.Өз кезегінде сөз алған Питер Фостер қызмет көрсетуге қатысты барлық мәселелердің қаралатындығы және ескертулердің орындалатындығы туралы уәде етті.Бұдан бұрын, 2009 жылғы ақпанның 9-да министр С.Ахметов халықаралық әуе тасымалын атқаратын авиакомпания басшыларымен отырыс өткізген болатын. Жиында «Шетелдік әуе кемелерінің қауіпсіздігі (SAFA)» Азаматтық авиациялардың халықаралық ұйымы бағдарламасы бойынша өткізілген инспекторлық тексеріс барысында анықталған кемшіліктерді жою мәселелері талқыланды. Атқарылған жұмыс қортындылары бойынша Көлік және коммуникация министрлігі осы жылдың наурыз айында көрсетілген қазақстандық авиакомпанияларға қатысты қабылданған шаралар туралы құлақтандыру мақсатында, Еуропа комиссиясы өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.