Көлік және коммуникация министрлігі келесі жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызға ие қызметтерді 100 пайыз электрондық форматқа көшіреді
АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігі келесі жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызға ие қызметтерді 100 пайыз электрондық форматқа көшіреді.
Бүгін Парламент Мәжілісінде ақпараттық коммуникация технологиялары саласын дамыту қорытындылары тақырыбында өткен Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, биыл рұқсат беру құжаттарының 80 түрі мен әлеуметтік маңызға ие қызмет көрсетулердің 60 пайызы электрондық форматқа көшіріледі. Ал келесі жылдың соңына дейін ондай әлеуметтік маңызы бар қызметтерді электрондық форматқа көшіру жоспарланған», - деді министр. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бизнесті тіркеуге 5-тен 30 күнге дейін уақыт кетеді. Оның ішінде бірқатар анықтамалар қажеті етіледі. Ал электрондық форматқа толық көшкен тұста бұл үдеріс тек 15 минутқа дейін созылатыны күтіледі.
«Жалпы анықтамалар саны да қысқара түседі. Бұған қоса лицензиялар тек е-нұсқада беріліп жатыр», - деді ол.