Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік бақылау комитеті Павлодарда кемелер навигациясының нәтижелерін талқылады
Кемелердің қауіпсіз қысқы тұрағын өткізу» тақырыбындағы мәжіліс барысында үстіміздегі жылдағы кемелер навигациясының нәтижелері талқыланды. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті ұйымдастырған кездесуге Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы, Ертіс өзеніндегі кемелердің иелері қатысты.Биылғы жылы көліктік бақылау комитеті құрылымдық бөлімшелерді қайта құрылымдау барысында, аумақтық органдардың басшылық құрам саны қысқарып, есесіне инспекторлардың саны артты. Осының нәтижесі ретінде су көлігіндегі қауіпсіздікке бақылау мен профилактиканың күшейе түскендігін атауға болады. Оны өткен навигациялық кезеңнің нәтижелері дәлелдейді.
Айталық, су көлігіндегі көлік оқиғалары азайғаны байқалуда. Тіркелген 13 көлік оқиғасының 6 оқиғасы - теңіз көлігінде, 1 оқиға - өзен көлігінде және 6 оқиға шағын көлемді кемелерді пайдалану барысында болған. Зардап шеккендер, соның ішінде қаза болған 4 адам, шағын көлемді кемелерде болған.
Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдары кеме қатынасына, ашық ішкі су жолдарын күтіп ұстауға тұрақты бақылау жасап отыр. 2009 жылдың навигациясында олар кеме қатынасы су жолдарындағы қауіпті жоюға 21 ұйғарым берді.
Көліктік бақылау комитеті төрағасының 2008 жылғы желтоқсандағы 30-ындағы бұйрығымен бекітілген «Флоттағы апаттың алдын алу жөніндегі 2009 жылға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес кешенді жұмыстар атқарылды.
Инспекторлық қызмет нәтижесінде 490 ереже бұзушылық анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 490 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бюджетке 1 млн. 847 мың теңге айыппұл өндіріліп алынды.