Көлік жолдары әлеуетін арттыру Қазақстанды экономикалық жедел өсімге жетелейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжіңде өткізген ««Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның транзиттік тасымалдау әлеуетін ерекше бағалаған болатын.
Елбасының 2015 жылғы Халықаралық Астана экономикалық форумында: «Қазір Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы сауда көлемі 600 миллиард долларды құрайды, болжам бойынша бұл көрсеткіш 2020 жылға таман 800 миллиард долларға жетпек. Сондықтан, дамушы Азияға жалпы алғанда Еуропаға құрлық жолын дамытудың зор маңызы бар. Нақ осы мәселеде біз өзіміз үшін жаңа мүмкіндіктерді көреміз. Бұған қоса, дәлелденгендей, бұл жол теңіз жолына қарағанда едәуір - үш есеге дейін қысқа», деген болатын.
БҰҰ сарапшыларының деректері бойынша, 2020 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы бүгінгі таңдағы 117 миллион тоннадан 170 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл өз кезегінде еуразиялық құрлық жолы бойынша тасымалданатын транзиттік жүк көлемін еселей арттырады. Осыған байланысты Қазақстан мен Қытай екі ел шекарасында жылына 40 миллион тонна жүк жөнелте алатын темір жол және логистикалық инфрақұрылым қалыптастырды.
Сонымен бірге, Қазақстан соңғы жылдары Қытай-Еуропа, Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий бағыттары бойынша тиімді жүк тасымалын жүзеге асыратын әлеуетті темір жол желісін тұрғызды. Соңғы алты жыл ішінде елімізде 1 700 шақырым темір жол желісі салынды. Теңіз жолымен тасылатын жүк көлемін көбейту мақсатында Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз айлағы кеңейтіліп, Құрық паромдық кешенінің құрылысы салынды.
Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестік жөніндегі индексінің рейтингі бойынша 2016 жылы инфрақұрылымдарының сапасы бойынша әлемде 63-ші орынды иеленді. Осыған байланысты тәуелсіз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында да жаңа межелер белгіленді.
Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2020 жылы транзиттік тасымалды жылдық көлемде мынадай межеге: контейнерлермен тасымалданатын жүкті - 2 миллион контейнерге дейін; әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар санын - 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін, сонымен бірге транзиттік тасымалдан түсетін табысты жылына 4 миллиард долларға дейін арттыру жөнінде кешенді міндет жүктеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында еліміздің жол-көлік логистикасы жүйесіндегі транзиттік әлеуетті одан әрі арттыру мақсатында 16 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 11-і автомобиль жолдарын салу және қайта құру мақсатындағы жобалар болып табылады. Өткен жылы елімізде 913 шақырым жаңа жол салынып, пайдалануға берілсе, биылғы жылы 600 шақырымнан астам жаңа жол құрылысы жүргізілмек. 2016 жылы еліміздің аумағында 2787 шақырымға созылған Батыс Еуропа - Батыс Қытай транзиттік көлік дәлізі іске қосылды.
Еліміздің аумағы бойынша жоғары сапалы автомобиль жолдарын салу бойынша кешенді жобалар одан әрі жүзеге асырылуда. Орталық-Оңтүстік бағытындағы автомобиль жолы бойынша еліміздің оңтүстігінен ішінара Ресейдің оңтүстік өңірлерін қамти отырып, солтүстігіне дейін; Орталық-Шығыс бағыты бойынша Астанадан басталатын жоғары сапалы автомобиль жолы ішінара Сібір аумағын қамти отырып, Өскеменге дейін; Орталық-Батыс бағыты бойынша Астанадан басталатын заманауи автомобиль жолы ішінара Түрікменстан және Ресей, одан әрі Еуропалық одақ елдері аумағын қамти отырып, Каспий теңізіне дейінгі өңірлерді байланыстыратын болады.
«Нұрлы жол» бағдарламасын толық жүзеге асыру арқылы еліміз алдағы әлемде өзіндік орны бар транзиттік хабқа айналды. Көлік жолдары әлеуетін арттыру Қазақстанды экономикалық жедел өсімнің жаңа, жоғарғы деңгейіне шығарады.