Көлік жолдарын дамытуға 2013 жылы республикалық бюджетте 300 млрд. жуық теңге қарастырылған - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі
«2013 жылғы республикалық бюджетте автомобиль жолдарын дамытуға 294 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған, соның ішінде 250 млрд. теңге - республикалық желіні дамытуға және 45 млрд. теңге - мақсатты трансферттер түрінде жергілікті желіге қарастырылған», - деді З.Сағынов Қарағанды облысының әкімдігінде вице-премьер Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен кеңесте.
Бірқатар жобаларды жүзеге асыру жалғастырылады, деп атап өтті ол. «Жөндеу жұмыстарымен барлығы 5500 шақырымдай жол қамтылады, соның ішінде 2200 шақырымы - республикалық және 3300 шақырымы - жергілікті желі жолдары», - деп нақтылады комитет басшысы.
Ведомствоның ақпаратынша, биыл елдің автокөлік жолдары саласын дамытуға 279 млрд. теңге бөлінді, соның ішінде 240 млрд. теңге - республикалық желіні дамытуға жұмсалады.
«Бөлінген қаражаттар 6 халықаралық дәлізді дамыту бойынша басталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға бағытталады. Осының аясында қазіргі кезде «Астана-Қостанай-Челябі», «Орал-Ақтөбе» учаскелерін қалпына келтіру аяқталып, «Көкшетау-Петропавл», «Омбы-Майқапшағай», «Бейнеу-Ақтау», «Таскескен-Бақты» учаскелерін жаңарту бойынша жұмыстар жалғастырылуда», - деп атап өтті З.Сағынов.
2009 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» маңызды мегажобасы жүзеге асырылуда, деп еске салды ол. Жоба 2015 жылы аяқталады. Дәліздің Қазақстан аумағы бойынша ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды, соның 2 452 шақырымы жаңартылуы тиіс.
«Өткен жылы жоба бойынша Ақтөбе облысындағы 215 шақырым жол тапсырылды. Ағымдағы жылы 1 621 шақырымда жұмыстар жүргізілуде, 6 мың техника бірлігі, 100-ге жуық асфальт-бетон және уатқыш-сорттап айыру зауыттары жұмылдырылды. 35 мыңнан астам жол құрылысшысы қатыстырылды, соның ішінде 34,4 мың қазақстандық және 579 шетелдік азамат бар», - деп хабарлады Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, биылғы жылы 700 шақырым жолда жұмыстар аяқталады, келесі жылы тағы 806 шақырымды тапсыру жоспарланып отыр.
Бұрын хабарланғандай, 18-19 қазан күндері Қарағанды облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ.Көшербаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы келді. Жұмыс сапарының бірінші күнінде үкіметтік делегация Жезқазған аймағында болды. Екінші күні топ Қарағанды, Теміртау және Сарандағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында сондай-ақ аймақтың жылу беру маусымына дайындық деңгейі бағаланды. Сапар қорытындылары облыс активінің кеңесінде шығарылды, мұнда аймақты дамытудың негізгі басымдықтары белгіленіп, проблемалық сұрақтар талқыланды.