Көліктік бақылау комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесін құруды ұсынып отыр
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздің көлік саласындағы жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесін құруды ұсынамыз.
Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде өткен «Көліктік бақылау: бүгін және ертең» тақырыбындағы «дөңгелек үстелдің» жұмысы барысында Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет басшысы атап көрсеткендей, соңғы кезде көліктік бақылау саласында көптеген бюрократиялық әрекеттер анықталған. Осыған орай қазіргі кезде еліміздің жол қатынастарында сыбайлас жемқорлықты туғызатын көптеген факторларды жою үшін көлік жүктерін тексерудің автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Бұл көлік тасымалдаушы мен көлік тексеру қызметкерелері арасындағы өзара қатынастың 0,5 миллионнан астам оқиғасының алдын алуға мүмкіндік береді. «Бүгін біз еліміздің көлік саласындағы жемқорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесін құруды ұсынамыз. Оның негізгі мақсаты - жемқорлық әрекеттерін жан-жақты зерттеп, зерделеп, оған себеп болатын негізгі алғышарттардың алдын алу болмақ», - дейді Ә.Барменқұлов.