«Көліктің ең қымбат нөмірі қанша тұрады?»- БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 ақпан, сәрсенбіі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше елордада «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС «Тойота Мотор Корпорэйшн» мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында жол талғамайтын Toyota Fortuner автокөлігін елімізде шығару туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Меморандумға Премьер-Ми­нистрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев және «Тойота Мотор Корпорэйшннің» аға басқарушы директоры, ТМС еуропалық штаб-пәтерінің «Тойота Мотор Еуропа» президенті және бас атқарушы директоры Дидье Леруа қол қойды. Ә.Исекешев аталған жобаның елімізде автокөлік шығару саласын дамытуда стратегиялық маңызды қадам екенін айта келе: «Жоба болашақта мем­ле­ке­ті­­міздің автокөлік ин­дус­трия­сы­ның өзекті бағыттарының бірі болмақ», - деді. Бұл материал «Елімізде «Тойота» автокөлігі шығарылмақ» деген тақырыппен беріліп отыр.

Осы басылымда «Төртеу түгел болса...» деген тақырыппен сараптама басылған. Коалициялық күштердің Ауғанстанды 2014 жылы толық тастап шығуынан кейін аймақта қандай ахуал қалыптасады деген мәселе ойландырмай қоймайды. Оның үстіне ірі са­яси ықпалды елдер Ауғанстанды қойып, Орталық Азия елдеріне көбірек назар сала бастағаны байқалады. Енді осы мәселені ой елегінен өткізіп көрелік.

Аймақтағы ықпалды елдерді айтқанда ең алдымен ауызға түсетіні Ресей мен Қытай. Соңғы кезде АҚШ-тың көршілес Өзбекстанға ерекше назар аудара бас­тауы жоғарыда аталған екі елді бей-жай қалдыра алмасы анық. The Financial Times басылымының шолушысы Гидеон Рахман жүзжылдықтың ең геосаяси драмасы АҚШ пен Қытайдың арасындағы ықпал мен билік үшін күресі болады дегенді айтыпты. Оның бұл тұжырымы негізсіз де емес секілді. Өйткені, Жапония, Үндістан, Австралия, Оңтүстік Корея және Еуропалық Одақ осы екі алып елмен де ірі сау­да әріптестігін орнатқан.

2020 жылға қарай Қытай эко­но­ми­касының әлемде бірінші орынға шығу ықтималдығы АҚШ-тың мазасын кетіріп-ақ тұрғандай. Оның үстіне Қытай соңғы жылдары өзінің әскери әлеуетін арттыруға көшкені аймақтағы жағдайды күрт өзгертіп жіберуі мүмкін.

***

«Үкіметте де, қоғамда да Ауыл шаруашылығы министріне қояр сұрақтар қордаланып қалыпты. Сондықтан Министрлер кабинетінің кешегі отырысы толығымен осы салаға арналды: алдымен Үкімет мүшелері, әкімдермен, қаржыгерлермен және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірігіп, АШМ басшысы ұсынған 2013-2020 жылдарға арналған жаңа Агроөнеркәсіп кешенін дамыту («Агробизнес-2020») бағдарламасын талқылап, бекітті. Жиыннан кейін бұл сала мәселелерін журналистер қарады. Жалпы, Ауыл шаруашылығы минист­рі Асылжан Мамытбеков сұрақтардан қашып отырмаған түр танытты. Жур­налистердің аузына қақпақ болғысы келгендей, ортадан киіп кетіп, әңгіме ауа­нын бағдарламаға аударуға жан салып, қылпықтаған өзінің баспасөз хатшы­сын сабырға шақырған министр әлдеқайда асықпай, басын ала қашпай БАҚ өкілдерін қызықтырған барлық сауал­дар­ға жауап беруге тырысты», деп жазады «Айқын» газеті. Ақпарат құралдарының өкілдері «Пав­ло­дардағы жұт» мәселесін де көтерді, ми­нистрдің айтуынша, ол тіпті де «жұт» емес. «Жұт» деп отырғаны екі ғана шаруа қожа­лығына қатысты болып отыр», - деді Асыл­жан Мамытбеков. - Олардың мә­лімдеген 535 малдың өлгендігі қазір анық­талмады. Бар есебі 250-ге ғана жуық. Қалған малдың тұяғы да, сүйегі де жоқ, тіпті егер қасқыр жеп кетті десе де. Бұл жерде демек, бұрмалаушылық бар. Әлгі екі шаруа да бір тонна да шөп әзірлемеген, қысқа ешқандай дайындығы болмаған. Ендеше мұны «жұт» деп айтуға болмайды. Бұл мақала көпшілік назарына «Жұтты» «құт» еткісі келген кім?» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

«Айқын» басылымының жазуынша, Ішкі істер министрлігі көліктердің «крутой» нөмірлерінің жаңа бағасын жариялады. Бір ғажабы, кейбір жол сақшысына «біртүрлі» әсер ететін «сиқырлы сандардың» құнының мыңдаған долларға баратындығы, тіпті аукционда сатылатындығы бұған дейін айтылған. Осылайша, ел қазынасына қыруар қаржының құйылатындығын ІІМ-нің өзі алға тартқан. Бірақ кеше қалаулылардың өздері қайран қалды: ерекше нөмірлердің жаңа тарифі көп «салмақ» жоғалтыпты. Кімнің лоббиі екендігі беймәлім, бірақ «беделді» автонөмірлер енді тым арзанға түспек. Тағы бір айта кетер жайт, егер бұған дейін «беделді» нөмірлерді сату - ішкі істер орган­да­рының жеке бастамасы ғана болса, енді оны заң жүзінде бекіту ұсынылып отыр. Кеше Пар­ламентте «Жол жүрісі туралы» және оған ілеспе - қос заңның тұсауы кесілді. Енді қа­раңыз: ІІМ дерегінше, бұл жобалар «жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерге тарифтеу енгізуді көздейді». Нөмірлердің тарифі жайында «Көліктің ең қымбат нөмірі қанша тұрады?» атты мақалада толығырақ жазылған.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Жанар-жағармай бағасы есебінен көлік салығын алып тастау керек деген пікірмен келісесіз бе?..» деген көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе мамандардың ой-көкпарына тартылды. Қаржыгер маман Құнанбай Тобатаев «Бұл арада көлік салығын мүлде алып тастау туралы сөз болып отырған жоқ, егер Ресейдегі тәжірибені алатын болсақ. Яғни ол жанар-жағармай құнына акциз ретінде енгізіледі, нәтижесінде баға қымбаттайды, ал салықты жекелей салық органына барып төлеп жүрмейсіз, қанша бензинді тұтынсаңыз, сонша салық төлеген болып шығасыз. Сондықтан бастапқысынан қатты бір айырмасы жоқ бұл шараны қолдауға болатын секілді. Әсіресе ол ақша жымқырғыш шенеуніктерге көлік салығы секілді бүтін арнаны жабатын оңтайлы шара болғандықтан. Мәселен, мамандар көлік салығының бюджетке түсімдерін қадағалау күрделі екенін айтады, яғни ол арадан да «ақша жасалады» деген сөз бұл», - деп өз пікірін білдірсе, қоғам қайраткері Тасбай Симамбаев « Жалпы, мен жанар-жағармай бағасын көтеруге қарсымын, оны негізсіз деп білемін. Мәселен, көлік салығын алып тастадық делік, оның орнына жанар-жағармай бағасын қымбаттатып жіберелік. Ол, ең бірінші, кімнің жағдайын қиындатады? Әрине, халқымыздың 90 пайызын. Ал 10 пайыз қарны тоқ жандарға бұл өзгерістен келіп-кетер дәнеме де жоқ. Бәрінен бұрын, бұл Кеден одағы аясындағы бәсекелестік додасында жан берісіп-алысып жатқан отандық шағын және орта кәсіпкерлікке төбесіне мұздай су құйып жібергенмен бірдей әсер етеді. Сонда мұндай мүдде кімге керек?.. Меніңше, мәселені осылай қарау керек. Ертең Дүниежүзілік сауда ұйымына енеміз деп жатырмыз, сыртқы өндірістік экспансияға қалай төтеп береміз, егер тарифтерде тұрақтылық болмаса. Алдымызға әлемдегі ең мықты 30 елдің қатарына қосылу туралы мақсат қойып отырмыз. Оны қалай орындаймыз?», - деп ашына сөйледі.

Соңғы жаңалықтар