Көлік апатынан қаза болғандардың отбасына төленетін өтемақы екі есе өседі – заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс көлік апатынан зардап шеккендерге сақтандыру компаниялары төлейтін өтемақының мөлшерін көтеруге арналған заң жобасын әзірлеп, Үкімет оған оң қорытынды беріп отыр. Бұл туралы депутат Нартай Сәрсенғалиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
— Бүгінге дейін жол апатынан қаза тапқан азаматтың жақындарына сақтандыру компанияларының төлейтін өтемақысы 2000 айлық есептік көрсеткіш болса, біз соны 4000 АЕК-ке жеткізіп отырмыз. Ақшаға шақсақ, 7 млн теңгеден 15 млн теңгеге көтеріледі, — дейді ол.
Айтуынша, Мәжілістің 10 депутатының бастамасымен әзірленген құжатқа Үкімет оң қорытынды берген.
— Жол апатының салдарынан мүгедектікке душар болған азаматтарға төленетін өтемақыны да екі есе өсіргелі отырмыз. Мысалы, І топ мүгедегі болып қалған азаматқа бұған дейін 1600 АЕК көлемінде өтемақы төленсе, заң жобасы оны 3200 АЕК-ке жеткізуді көздейді. ІІ топ мүгедегі болған адамға сақтандыру компаниялары төлейтін өтемақыны 2400 АЕК-тен 3400 АЕК-ке, ІІІ топ мүгедегі болған азаматтың өтемақысын 500 АЕК-тен 1000 АЕК-ке жеткіздік. Жол апатынан бала қаза тапса, ата-анасына төленетін өтемақыны 2000 АЕК деп қостық, — дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Заң жобасында көлік апатынан зақым келген көлікті жөндеу шығындарына төленетін өтемақы мөлшерін көтеруге арналған норма бар.
— Тағы бір маңызды дүние бар көлігіңізбен басқа біреудің көлігін соқсаңыз, өзіңіз келісімшарт жасасқан сақтандыру компаниясы зардап шеккен көлік иесіне төлейтін өтемақының максималды көлемі 600 АЕК немесе 2 млн 400 мың теңгенің көлемінде. Біз соны 1200 АЕК-ке немесе 4 млн теңгеден астам қаражатқа көтермекшіміз, — деді депутат.
Айта кетелік ІІМ жол апатына жиі әкелетін жайттарды атаған еді.