Көлік министрлігі әуе тасымалы қағидаларын жаңартуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Көлік министрлігі жолаушыларды, багаж бен жүкті әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 27 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.
Түсіндірме жазбада жоба қолданыстағы қағидаларды заңнамаға және Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ұсынымдарына сәйкестендіру үшін әзірленгені айтылған. Сондай-ақ оған азаматтардың өтініштері, Бас көлік прокуратурасы мен Алматы көлік прокуратурасының ұсыныстары, сондай-ақ Шымкент көлік прокуратурасының наразылығы негіз болған.
Жоба әуе тасымалын ұйымдастыруға қойылатын негізгі талаптарды жаңартуды көздейді.
Атап айтқанда, онда әуе тасымалы шартын жасау, билет рәсімдеу және орын брондау тәртібі нақтыланған.
Сонымен бірге жолаушылар мен әуе компанияларының құқықтары мен міндеттері, оның ішінде әуе билеттерін қайтару шарттары да қайта қаралады.
Құжатта жолаушылардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға, кәмелетке толмағандарға және жүкті әйелдерге қызмет көрсету тәртібі, сондай-ақ рейс кешіккен немесе кейінге шегерілген жағдайда көрсетілетін қызметтер нақты жазылған.
Бұдан бөлек, ұлттық музыкалық аспаптар мен жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға қатысты өзгерістер де ұсынылған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұйрық жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропарламент баламен бірге сапарлайтын отбасыларға ұшақта қатар орналасқан орындарды қосымша ақысыз таңдауға мүмкіндік беретін жаңа ережелерді мақұлдаған болатын.