Көліктерге шектеу: алматылықтар мен өңір жүргізушілеріне талап бірдей бола ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2027 жылдан бастап LEZ аймағында көліктерге арналған жаңа талаптар күшіне енеді.
Қазір Бөгенбай батыр, Желтоқсан көшесі, Абай даңғылы және Достық даңғылы арасында орналасқан аумақта төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) жобасы пилоттық режимде тексеріліп жатыр.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, пилоттық жоба аясында негізінен зерттеу жұмыстарына көңіл бөлінген. Оның ішінде сол аумақтан қанша және қай жылғы көліктердің өтетіні, жүк көліктері мен жеңіл көліктердің үлесі туралы деректер жиналып жатыр.
Алайда 2027 жылдан бастап жаңа экологиялар талаптар күшіне енеді. Оның ішінде LEZ аймағында көліктің шығаратын зиянды газдары белгіленген экологиялық нормадан асатын болса, жүргізушіге айыппұл салынады. Бұл жағдайға байланысты адамдар арасында әртүрлі пікір бар. Оның ішінде алматылықтардың көлігіне бір бөлек, Алматы облысы мен өзге өңірлерден келетін көліктерге қатаңырақ талап қойылатын деген болжам да айтылады. Бұл сұраққа байланысты Аршат Бахтыгереев түсініктеме беріп, жағдайдың ақ-қарасын ажыратты.
- Қоғамда осындай ой-пікір бар. Бірақ біз ешкімді бөле алмаймыз. Сен қаланың тұрғынысың, сен Алматы облысының тұрғынысың немесе басқа өңірден келдің деп айта алмаймыз. Көліктер қалаға күнделікті кіріп-шығады. Бірақ бәріне талаптар бірдей болады, - деді ол.
Экология және қоршаған орта басқармасының өкілімен толық сұхбатты осы материалдан оқи аласыздар.