Көліктік деректер қорының ақпараттық-талдау жүйесін дамытуға ерекше назар аударған жөн — Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік ағындарын болжау мен басқару үшін жасанды интеллектіні кезең-кезеңмен енгізу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Жуырда өткен кеңесте Мемлекет басшысы көлік-тасымал саласын дамыту үшін авиахабтарды дамытудың басымдығын атап өтті. Ұшу географиясын кеңейту, жаңа шетелдік авиатасымалдаушыларды тарту, еліміздің әуежайлары арқылы жүк және жолаушылар ағынын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, арнайы техниканы жаңарту және жолаушылар мен әуе компанияларына қызмет көрсету сервистерін цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі қазақстандық әуежайларды бәсекеге қабілетті өңірлік хабтарға айналдыруға мүмкіндік береді, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы көліктік деректер қорының ақпараттық-талдау жүйесін дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
— Қазірдің өзінде деректердің бірыңғай массиві жасалып, жүк қозғалысын бақылау және өткізу пункттерінің жүктемесіне мониторинг жүргізу модульдері іске асырылды. Бұл осал тұстарды тез анықтап, уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйенің қазіргі монолитті архитектурасы оны интеграциялау мен инновациялық шешімдерді енгізу кезінде қиындықтар туғызып отыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге аталған жүйені ашық интерфейстері бар модульдік және масштабталатын архитектураға көшіруді қамтамасыз етуі қажет. Бұл ретте көлік ағындарын болжау мен басқару үшін жасанды интеллектіні кезең-кезеңмен енгізген жөн, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.
Бұдан бұрын Бектенов егіс алқабы бекітілген кестеден 1 гектар артық егілсе, онда оған 1 тамшы да су берілмейтінін ескертті.