Колледж гранттарын бөлуде еңбек нарығы ескерілмей отыр - Талғат Нәрікбаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Кәсіби-техникалық білім беруге бөлінетін қаржы маман тапшылығына сай бөлініп жатқан жоқ. «Адал білім» мониторинг және талдау кеңселік жобасының жетекшісі Талғат Нәрікбаев осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен семинар барысында Талғат Нәрікбаев кәсіби-техникалық білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс қалай жүзеге асып жатқанына тоқталды.
«Мұнда да өзекті проблемалар бар. Әсіресе, осы мақсатқа бөлінетін жергілікті бюджеттің тиімді игерілуіне назар аудару қажет. Қаржы мамандар тапшылығы мен өңір экономикасының қажеттілігіне қарай бөлініп, игерілмейтіні белгілі болып отыр. Қаражатты көз жұмып бөледі деуге болады. Еңбек нарығына талдау жүргізіп, болжам жасау жоқ екені әшкере болды. Бұл тіпті кешенді мәселе деуге болады. Бұған жергілікті әкімдіктер ғана емес, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де жауапты. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының дерегі бойынша, 2019 жылы кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарына маман даярлау үшін 6 млрд 198 млн 900 мың теңге бөлінген. Жаңа ғана магистратураға 13 мың грант бөлінгені айтылды. Оның жалпы сомасы 3,5-4 млрд теңге шамасында. Ал кәсіби-техникалық білім беруге бірНұр-Сұлтан қаласының өзіне ғана 6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұл жыл сайын қайталанып келеді және барлық өңірлерге тән жағдай», - деген Талғат Нәрікбаев кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарына мелекеттік тапсырыс беру процесінде күрделі жемқорлық тәуекелдері бар екенін атады.
«Нұр-Сұлтан қаласында бұл бағыттағы мемлекеттік тапсырысты 24 ұйым қабылдайды. Соның 19-ы ғана оқуға қабылдау ережесін ұсынған. Ол ережелерді талдай келе, ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы бұйрығындағы типтік ережені көшіре салғанын көрдік. Яғни, ол ережеден үміткер ешқандай қажетті ақпарат алмайды деген сөз. Колледж веб-сайттарында да сынақ тест пен әңгімелесу кезінде қандай бағыттағы сұрақтар қойылатыны туралы мардымды ақпарат жоқ. Яғни, колледжге түскісі келгендер қандай сұрақ қойылатынан бейхабар болып баруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде жемқорлық тәуекелін арттырады. Тіпті колледждердің әкімшілігі бұл процесте жемқорлық тәуекелін әдейі арттырып отырғандай әсер туындайды. Сондықтан, бұл мәселеге де ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі назар аудару керек сияқты», - деді ол.