Колледж түлектерінің біліктілігін тәуелсіз ұйымдар сертификаттайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2017 жылдың маусым айында Парламент депутаттарының бастамасымен Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ұсынылған болатын. Құжат экономикамызды білікті кадрлармен қамтамасыз ету және халықаралық талаптарға сай кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту аясында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған», - деп атап өтті депутат Бақытгүл Хаменова заң жобасы бойынша баяндамасында.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы өзгертулер мен толықтырулар техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қызметінің басты төрт бағытын реттеуге негізделген. Атап айтсақ, оқу бағдарламаларын модульдік әзірлеу, дуальды оқытуды дамыту, сондай-ақ біліктілікті сертификаттауды бәсекелесті ортаға беру, оқу орындарының қаржылық жағдайы ескерілген.
«Модульдік оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша тоқталсақ, баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім жобасының негізгі мақсаты - жұмыссыз жүрген, оқу орындарына түсе алмаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, аз қамтылған отбасыдан шыққан жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Барлық мамандықтар бойынша жауапты министрлік оқу бағдарламаларын қайта қарастырып, жаңа модульдік оқу бағдарламаларын әзірледі. Жаңа бағдарламаның ерекшелігі - бір мамандық аясында бір біліктіліктің орнына, үш біліктілікке дейін алуы. Заң жобасында аталған модульдік оқу бағдарламаларын заңнамалық түрде бекітіп, оқу үрдісіне енгізу көзделген. Бұл енгізілген жаңашылдық жалпы жұмысшы мамандығының беделін арттырады деген ойдамыз», - деді Б. Хаменова.
Бұдан бөлек депутат дуальды оқытуды дамыту бойынша екінші бағытқа тоқталып өтті.
«2012 жылдан бастап Қазақстанда дуальды оқыту жүйесі енгізілуде. Бүгінгі күні осы бағытта заңнамалық және институционалдық база қалыптастырылған. Алайда, әлі де болса тәлімгер ұғымы, оның еңбекақысын төлеу туралы нормалары ешқандай заңда немесе құқықтық актілерде көрсетілмеген. Осыған байланысты заң жобасы аясында Еңбек кодексіне «тәлімгер», «өндірістік оқыту», «кәсіптік тәжірибе» ұғымдары енгізілген», - деді ол.
Ал үшінші бағыт біліктілікті сертификаттауды бәсекелестік ортаға беруге негізделген. Бүгінде колледждерді бітіруші түлектер қорытынды аттестаттау бойынша мемлекеттік емтихан тапсырады және дипломдық жобаны қорғап қана қоймай, кәсіптік даярлық деңгейін бағалау мен біліктілікті беру бойынша теориялық тест пен тәжірибелік емтихан тапсырады.
«Яғни бұл бірін-бірі қайталауды білдіреді. Осы орайда заң жобасы аясында колледж түлектерінің кәсіби даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беру рәсімін қорытынды аттестаттаудан алып тастап, оны бәсекелестік ортаға беруді ұсынамыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, түлектердің біліктілігін сертификаттауды тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады», - деді Б. Хаменова.