Колледжден кәсіпорынға дейінгі жол: студенттер өндірістік ортаға қадам басты

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін елордада Астана қаласы әкімдігінің «Көлік және коммуникациялар жоғары колледжі» мен «Астана электротехникалық зауыты» арасында кәсіптік бағдар беру бағытындағы «Мамандыққа жол: колледжден өндіріске» атты кездесуі өтті.

 Колледжден кәсіпорынға дейінгі жол: студенттер өндірістік ортаға қадам басты
Фото: Жамиля Есентаева

Іс-шараның негізгі мақсаты – колледж студенттерін нақты өндірістік ортаға бейімдеу, олардың кәсіби машықтарын қалыптастыру және болашақ мамандығын саналы таңдауға жол ашу. Сонымен қатар кездесудің маңызды мақсаты – бірнеше жылдан бері кәсіптік білім беруді дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқан колледждің әлеуметтік серіктесі Астана электротехникалық зауытымен ынтымақтастықты нығайту.

 Колледжден кәсіпорынға дейінгі жол: студенттер өндірістік ортаға қадам басты
Фото: Жамиля Есентаева

Аталған іс-шараға колледж басшылығы, зауыт өкілдері, өндіріс мамандары мен оқу ордасының екінші курс студенттері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар зауыт аумағымен танысып, өндірістік цехтарды аралады.

 Колледжден кәсіпорынға дейінгі жол: студенттер өндірістік ортаға қадам басты
Фото: Жамиля Есентаева

Кездесу аясында колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Айгерім Ерденова құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының 80 жылдық тарихында ел экономикасы үшін мыңдаған білікті маман даярлағанын атап өтті. Ол сондай-ақ 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы техникалық және қолданбалы бағыттағы мамандықтардың маңызын арттыра түскенін жеткізді.

– Техникалық білім беру – елдің тұрақты дамуының кепілі. Біз білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайта отырып, жастардың кәсіби қалыптасуына үлес қосуға дайынбыз, – деді ол.

Өз кезегінде зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Дархан Мақұтов кәсіптік бағдар беру бастамаларын қолдауға дайын екенін айтып, оқу орны мен кәсіпорын арасындағы серіктестікті жалғастырудың маңызын атап өтті.

– Біздің есігіміз жастарға әрдайым ашық. Болашақ энергетиктерге салынған инвестиция – елдің тұрақты дамуына салынған үлес. Біз жас мамандарға тек тәжірибе беріп қана қоймай, оларға сенім артамыз, – деді зауыт өкілі.

Кездесу аясында студенттерге зауыттың даму тарихы мен жетістіктері таныстырылып, техникалық мамандықтар бойынша жас мамандарға қойылатын қазіргі талаптар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, кәсіптік шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, студенттер электротехника және электрмен жабдықтау саласындағы мамандардың жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Шараның практикалық бөлігі де ерекше назарда болды. Студенттер зауытта еңбек жолын бастаған түлектермен ашық форматта пікір алмасып, өндірістік тәжірибеге қатысты сұрақтарын қойды. Жас мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби бағыт таңдаудағы жеке мысалдарын келтірді. Мұндай диалог студенттерге бағыт-бағдар беріп, мотивацияны арттыруға ықпал етті.

Кездесу соңында кері байланыс сессиясы өткізіліп, қатысушылар алған әсерлерін ортаға салды. Оқу орны мен өндірістік кәсіпорын өкілдері арасында одан әрі ынтымақтастық орнату жолдары талқыланды. Іс-шара ұжымдық естелік фото түсірумен қорытындыланды.

«Мамандыққа жол: колледжден өндіріске» бастамасы техникалық бағытта білім алып жатқан жастардың болашақ кәсіби бағытын айқындап, еңбек нарығындағы нақты талаптармен ерте танысуына жол ашады. Сонымен қатар бұл бастама өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайтуға, сапалы кадрлар даярлауға және отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Еске сала кетейік, былтыр колледж түлектерінің 81 пайызы жұмыспен қамтылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар