Қолма-қол ақшаға жаппай ойысу болмайды – экономист декларациялау және мобильді аударымдар жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Декларациялау аясында мобильді аударымдардың тексеріле бастауына орай азаматтар біртіндеп қолма-қол ақшаға ойыса бастағаны белгілі. Ал бизнес негізінен аударым жасау арқылы саудасын қыздырып отырған еді. Осыған орай экономист Олжас Құдайбергенов декларациялау мен мобильді аударымдарды тексеруге қатысты ұстанымын білдірді. Сондай-ақ ол бірқатар ерекшелікті бөле-жара атап, бұл жұмысты қалай дұрыс жөнге салуға қатысты ойын білдірді.
«Қолма-қол ақшаға негізгі қажеттілік бөлшек сауда секторында орын алады. Дегенмен, дәл солар үшін бөлшек салық енгізіліп отыр. Салықты дұрыс жоспарланған кездегі салықтық жүктеме тіпті жеңілдетілген салықтан да төмен болады. Сондықтан да бизнес көлеңкеге кеткеннен гөрі осы режимде ауысқаны жөн. Ол жерде қызметтің 200 түрі бар. Халыққа саудаланатын қызметтер мен тауарлардың барлығы дерлік қамтылған. Бұл режимде сәл жеңілдетуге болады – жылдық түсім 100 млн теңгеге дейін болған кезде есеп беруді азайтып, сирек жасау, сатып алулар бойынша шығыстар есебін жүргізбей-ақ қоюға рұқсат беру қажет. Сонда үйдің жанындағы дүкендер бірден осы режимге ауысады», - деп санайды Олжас Құдайбергенов.
Сарапшының айтуынша, 200 адам және 2 млрд теңгелік жоғары шекті алып тастау керек. Сонда мейрамханалар желісі мен басқа да қызмет түрлері бірден бір ЖШС-ға тіркеле бастайды. Бұл құқықтық құрылымды (барлық қажетсіз ЖШС мен жеке кәсіпкерлікті жабуға болады), салық құрылымы (барлық есептерді бір ғана ЖШС тапсырады) бірден күрт жеңілдетеді.
Спикер мұндай желілер банктер үшін бірден тартымды болады деп санайды. Өйткені, барлық айналым бір ЖШС-де болады және басқарушылық есеп-қисапты қараудың қажеті жоқ. Ал мұндай формат бизнестің инвесторлар алдындағы құнын арттыруға септігін тигізеді.
«Қолма-қол ақшадан айырмашылық көп шыққан сайын ол қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін жеткізушілеріне қысымды күшейте түседі. Проблема тек азық-түлік тағамдарын жеткізушілермен ғана туындайды. Осы орайда сатып алушыға сатушы үшін салық (Бұл ауыл тұрғындарының өмірін жеңілдету үшін жасалады. Яғни, оларға тауарын әкеліп, келісімшартқа қол қою және төлемді алу жеткілікті. Ал ол үшін салықты сатып алушы төлейді) төлеуге рұқсат берумен бөлшек салыққа балама (түсімнің 1 пайызына бірыңғай аграрлық салық) ойластыруға болар еді. Бөлшек саудамен және ауыл шаруашылығы дақылдарымен шамамен 1 млн адам айналысады. Алайда олар ресми тіркелмеген және қазіргі уақытта жұмыссыздар деп саналады. Осы екі сектордың күнгейге шығуы қызметтердің таза жалақы алуына септігін тигізеді. Бұл секторларда жалақының төмендігін ескерсек, ол жақта басқа секторлармен салыстырғанда төмендетілген салық жүктемесі (37 пайыздың орнына 20-25 пайыз) болады», - деп атап өтеді экономист.
Дегенмен, Олжас Құдайбергенов аталған секторлардың көлеңкеден шығуы бюджетке салық түсімдерінің айтарлықтай артуына сеп бола алмайтынын айтады. Бірақ, халықты әлеуметтік жоспарлау айтарлықтай жақсара түседі. Сол кезде барлық жайт бойынша шынайы жағдай көрініп, әлеуметтік қолдау шаралары барынша нақты бола түседі.
«Бұған қоса, мемлекетке декларациялауға қатысты қарым-қатынасын өзгерткені жөн. Әзірше ол сенімсіздік құралы және әлеуетті жаза сияқты көрініп отыр. Іс жүзінде бұл ең алдымен өзінің мүлкі мен кірісін декларациялайтындарға көмек құралы болуы тиіс. Немесе шегеруді (адамдардың шегеруді қолдануды сұрауға мәжбүрлемей, барлық базаны кіріктіріп, шегеру қолдануды автоматтандыру қажет) қолдану арқылы салық жүктемесін төмендетуі керек. Не болмаса, мұқтаждарды анықтау арқылы қолдаудың нақты шараларын қолданған жөн. Салық жинауды арттыру себебі екінші орында болуы тиіс. Өйткені, мұндай салдар тек салық төлеушілердің 3-5 пайызына ғана қатысты. Әрине, бұл бір реттік қана әсер болмақ. Қалған бөлігі онсыз да жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп жүр. Сондай-ақ декларациялау арқылы жемқорларды анықтауға болады деп қорқытудың қажеті жоқ. Иә, шынымен де жаппай декаларциялау барысында әр адамның кірісі мен шығысы көрініп тұрады. Және де қарапайым азаматтарда айырмашылық болғанда салық төлемеуге қатысты сұрақ туындайды. Ал кіріс айырмашылығының заңдылығы тек шенеуніктерге ғана қатысты. Бірақ, іс жүзінде шешеуніктер біраз уақыттан бері декларация тапсырады және онсыз да кімнің жемқор кімнің жемқор емес екендігін анықтауға болады», - деп түсіндіреді Олжас Құдайбергенов.
Экономистің атап өтуінше, жаппай декларациялау халықтың негізгі бөлігіне есептеліп отыр. Яғни, декларациялау қорытындысында барынша сапалы салықтық және әлеуметтік саясат алынуы тиіс. Өйткені, оған қажетті барлық дерек айқындалады.
«Мұнан кейін барлық базаны ықпалдастыру арқылы салық төлеушілердің 98 пайызы бойынша декларация автоматты түрде жасалатындай жасау қажет. Демек, уақыты ұсынылмаған немесе дұрыс емес декларация үшін айыппұл қаупі болмауы тиіс. Жалпы, декларациялау дұрыс құбылыс деп санаймын. Тек мемлекеттің қарым-қатынасын түзету ғана талап етіледі. Ал қолма-қол ақшаға ойысуға қатысты айтар болсақ, бүгінде мәдениет қалыптасты және ол қысым жасайтын болады. Иә, бөлшек салық түріндегі шешім бар. Сондықтан, қолма-қол ақшаға жаппай ойысу болмайды. Тағы бір кішкентай нюанс бар – эквайрин үшін банк комиссиясы (2%) және qr-pay (1%). Іс жүзінде оны түрлі тетіктер арқылы 0,0-0,1 пайызға дейін төмендетуге болады. Алайда, бұл комиссияларға қатысты логика мынадай, қалай болғанда да бизнес оларды бағаға қосады және клиент оларды төлейді. Кейіннен банктер клиентке кэшбэк түрінде қайтарады. Іс жүзінде комиссия кэшбэкті қаржыландырады», - деп қосты Олжас Құдайбергенов.