Қолма-қол ақшамен есеп айырысудан толықтай бас тарту керек - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында Ұлттық қорды сақтау мен бюджет тапшылығы мәселесін шешуге қатысты пікір айтты.

Былтыр төлем қолма-қол әлде картамен көбірек жасалды ма
Фото: Мутор Холдорбеков/Kazinform

- Ұлттық қорды болашаққа, ұрпаққа қалдыруымыз керек. Өйткені, заман қиындап барады. Әсіресе, климаттың өзгеруіне назар аударған жөн. Халықаралық ұйымдардың зерттеуіне қарасақ, Қазақстанда су тапшылығы мәселесі өзекті болады. Себебі көрші елдерден өзен суын алып отырмыз. Бұл бағытта бізге қомақты инвестиция керек, яғни жерасты суын және басқа да технологиялар арқылы су тарту жобаларын іске асыруға қомақты қаржы салу қажет, - деді Е.Каримов.

Оның пайымынша, бюджет тапшылығын болдырмау және оны басқаруға қатысты негізгі мәселелерді шешу керек.

- Біріншіден, «көлеңкелі» экономикамен күреске мән берген жөн. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда «көлеңкелі» экономиканың деңгейі 18 пайыз шамасында, яғни экономиканың бестен бірі. Онымен күресу үшін Қазақстан толықтай қолма-қол ақшадан бас тартуы керек деп санаймын. Қазірдің өзінде бізде электронды тәртіпте есеп айырысу жаппай тараған... Егер біз қолма-қол ақшамен есеп айырысудан толықтай бас тартсақ, жемқорлықпен және «көлеңкелі» экономикаға тосқауыл қоюда нәтижелі болады, - деді сарапшы.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин пәтер сатып алу кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу ұсынысына пікір айтты. 

Соңғы жаңалықтар