«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын кеңейту керек - Т. Асанов

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын кеңейту керек.  Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында  Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат  Тұрарбек Асанов осылай мәлім етті.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағын кеңейту керек - Т. Асанов

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда орманды-далалы және далалы аймақтарға барлық жердің 10 пайызы,  шөлейт және шөлді жерлерге - шамамен 60  пайызы тиесілі болса, орманмен көмкерілген көлем 4,5 пайызды құрайды. Сондықтан осы шағын орман экожүйені сақтауымыз керек.

«Орманды жерлердің ішінде Алматы облысы, Райымбек және Талғар аудандарының табиғи кешендері, экожүйелері мен биологиялық сан алуандылықтары бірегейлігімен ерекшеленеді. Бұл шамамен 322 мың 438 гектар жерге жайылған. Осында «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған. Бірақ 2007 жылы жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп, география координаттары анықтау барысында табиғи паркке қорғауға жататын аумақтың тек қана жартысы, яғни 161045 гектар жер телімі бөлінген», - дейді Т. Асанов.

Оның айтуынша, ұлттық парк мәртебесіне енбей қалған аумақтың табиғат байлығы өте мол. Онда  Шренка шыршасы, балқарағай, қайың, тал, терек, арша ағаштары, тағы басқа дәрілік өсімдіктер өседі. Құстар мен тұяқты жануарлардың түрлері де көп. Бұл аумақ «Көлсай көлдері» табиғи паркімен шектесіп жатқандықтан ондағы жабайы аң-құстар: марал, Тянь-шань қоңыр аюы, арқар, елік, қабан, манул, тау сусары сияқты т.б. индикаторлық сирек кездесетін аң-құстардың маусымдық қоныс аударуы жиі байқалады.

«Сондықтан осы аумақты да ұлттық парк санатына жатқызу қажет болып тұр. Өйткені қазіргі уақытта негізгі аңдар - тұяқтылардың мекендейтін аумақтарын мемлекеттік деңгейде қорғауға және жер қыртысының санитарлық тазалығын сақтауға, тау бұлақтарының тартылуын, экологиялық жүйесінің нашарлауын тоқтатуға мүмкін болмай тұр. Сондықтан да, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына аталған аумақтарды қосу және осыған тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды  сұраймыз», - дейді ол.