Көлсай маңында туристер мінген көлік аударылып, бір адам қайтыс болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жол апатынан бір адам жан тапсырды.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Кеген ауданындағы Қайыңды–Саты автожолының 4-шақырымында болған. Toyota Sequoia автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне шығып, аударылып кеткен.
Желідегі мәліметке сәйкес, көліктің ішінде шетелдік туристер отырған.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бес жолаушы түрлі жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады департаменттен.
Полиция жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық істі тіркеп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлік жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Еске салайық, кеше Алматы — Бішкек тасжолында көлік апатынан жеті адам қаза тапты. Полиция мәліметінше, Honda Odissei автокөлігінің жүргізушісі алда қозғалып бара жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан. Тәртіп сақшылары қазір бұл дерек бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Жол апатында қаза тапқан 5 жолаушы спорт ардагері болған.