Колумбияда апатқа ұшыраған ұшақ табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Колумбияда Кондото қаласы мен Боготадағы Гуаймараль әуежайы арасындағы бағытта апатқа ұшыраған Cessna T206 ұшағы табылды. Ел президенті Абелардо де ла Эсприэлья борттағы бес адамның барлығы қаза болғанын мәлімдеді, деп жазады БелТА.
— Өкінішке қарай, билік борттағы адамдардың барлығының қаза тапқанын растады», — деп жазды де ла Эсприэлья X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
HK-4985 тіркеу нөмірі бар ұшақ 13 қыркүйек күні таңертең Кондотодан Боготаға ұшқанда радардан жоғалып кеткен. Әуе кемесімен соңғы байланыс Чоко мен Рисаральда департаменттерінің шекарасындағы таулы орманды аймақта орнаған.
Кейін іздеу топтары Татама ұлттық табиғи паркінің аумағындағы жетуі қиын таулы өңірден ұшақтың құлаған жерін анықтады. Жер бедері мен ауа райының қолайсыздығы іздеу-құтқару жұмыстарын қиындатып, құтқарушыларды тікұшақтармен жеткізуге тура келген.
Ұшақ бортында бес адам болған. Колумбиялық БАҚ-тың хабарлауынша, олардың төртеуі Кондотодағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсетуге барған медициналық мамандар.
Колумбия президенті қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Ұшақ апатының себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, Аргентинада өрт сөндіру тікұшағы апатқа ұшырап, 7 адам көз жұмған болатын.