Колумбияда жер сілкінісінен кейін футбол чемпионаты тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Колумбияның батысында болған жер сілкінісінен кейін елдегі футбол чемпионаты уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Report.
Чемпионат басшылығының шешімімен осы аптаға жоспарланған барлық турнир шаралары тоқтатылды. Мұндай шешім жер сілкінісінен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында қабылданған. Жоғары және екінші дивизиондағы барлық 36 клуб зардап шеккен аудандарға көмек көрсету және оларды қалпына келтіру жұмыстарына күш жұмылдырады.
— Бүгін футбол күте тұрады, Колумбияға біздің көмегіміз қажет, — делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін Колумбия геологиялық қызметі Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар қаласының маңында магнитудасы 7,4 болатын жер сілкінісі болғанын хабарлаған еді.
Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэльяның айтуынша, қаза тапқандар саны 111 адамға жеткен. Ең көп зардап Перейра мен Манисалес қалаларында тіркелді.
Жер сілкінісінің дүмпулері көршілес елдерде, соның ішінде Панамада да сезілген.
Бұған дейін Жапонияның Хонсю аралының жағалауында 5,4 балдық жер сілкінісі болды.