Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін кофе экспорты тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM- Колумбиядағы жойқын жер сілкінісі елдің негізгі портындағы жұмысқа кедергі келтіріп, маңызды автожолдардың жабылуына себеп болды. Соның салдарынан кофе экспорты айтарлықтай тоқтап қалды, деп хабарлайды Bloomberg.
Asoexport кофе экспорттаушылар қауымдастығының басшысы Густаво Гоместің айтуынша, елдегі кофе экспорты бойынша ең ірі Буэнавентура портына қатынау қиындаған.
Кали – Буэнавентура тасжолының бірнеше бөлігі, соның ішінде тоннельдер орналасқан учаскелер жабылды.
Бұл жол Колумбияның Тынық мұхиты жағалауына шығатын негізгі көлік бағыттарының бірі саналады.
-Қазір кофе операциялары тоқтатылды. Жекелеген жұмыстар жүргізілуі мүмкін, алайда кофе экспорты тоқтап тұр. Жолдың қашан толық ашылатыны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ, – деді Густаво Гомес.
Порт терминалдарының басшылығы жер сілкінісінен келген залалды бағалап жатыр.
Кофе тиелген жүктерді қабылдау уақытша тоқтатылды немесе шектелді.
Колумбияның Кариб теңізі жағалауындағы Картахена мен Санта-Марта порттарында айтарлықтай іркіліс тіркелмеген.
Алайда кофе жүктерін елдің солтүстігіне бағыттау қиынға соғып отыр. Бұған жүк көліктерінің тапшылығы себеп.
Жер сілкінісінен зардап шеккен аймаққа жақын кофе өндіретін өңірлерде көлік компаниялары мен кофе өңдеу кәсіпорындарының едәуір бөлігі орналасқан.
Табиғи апат олардың жұмысына да кері әсер етті.
Нью-Йорк биржасында арабика кофесіне арналған фьючерстер бірнеше аптадағы ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін сәл төмендеді.
Нарық қатысушылары жер сілкінісінің кофе жеткізілімі мен логистикаға ықтимал әсерін бағалап жатыр.
Колумбия – әлемдегі арабика кофесін өндіретін екінші ірі ел.
2025 жылы Колумбияда 60 келілік 13,4 млн қап кофе өндірілді.
Жағдайдың күрделенуіне қазір егін жинау науқанының жүріп жатқаны да әсер етіп отыр.
Қазіргі уақытта кофе жинау жұмыстары негізінен елдің оңтүстігіндегі Каука, Нариньо, Валье-дель-Каука және Уила өңірлерінде жүргізілу үстінде.
Бұл аймақтарда өндірілген кофенің едәуір бөлігі әдетте Буэнавентура порты арқылы экспортталады.
Густаво Гоместің айтуынша, кофе өңдейтін кәсіпорындар жер сілкінісінің салдарын әлі де бағалап жатыр.
Кәсіпорындардың өндірістік нысандарына елеулі зақым келгені туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.
Алайда электр энергиясы мен байланыс жүйелеріндегі іркілістер кәсіпорындардың жұмысына әсер етуде.
Табиғи апат салдарынан кейбір қызметкерлер баспанасынан айырылған.
Жолдар мен кәсіпорындардың жұмысы қалпына келгеннен кейін де кофе экспорты қосымша кідіріске ұшырауы мүмкін.
Жиналып қалған кофе көлемінің бір уақытта порттарға жөнелтілуі көлік инфрақұрылымына түсетін салмақты арттырып, кептеліске әкелуі ықтимал.
Колумбия ай сайын 60 келілік шамамен 1 млн қап кофе экспорттайды.
Сондықтан экспорттағы әрбір күндік үзіліс айтарлықтай көлемдегі кофе жеткізілімінің кешігуіне әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 250 адамнан асқаны хабарланған болатын.