«Қолжетімді баспана-2020» аясында биыл Алматыда 3326 пәтер беріледі - А.Есімов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 86 үй, яғни 3326 пәтер беріледі. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов құрылысшылар мейрамы қарсаңында өткен салтанатты жиында айтты.
Қала басшысы құрылысшыларды мерекелерімен құттықтай келе қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқынын баяндап өтті. «Соңғы 7 жылда қалалық Құрылыс басқармасының қатысуымен 430 нысан салынған. Оның 117-сі білім беру нысаны, 42-сі денсаулық сақтау нысаны, 14 коммуналдық меншіктегі нысан, 8 спорт және 4 мәдениет нысаны салынды», - деді қала басшысы. Оның айтуынша, қалада «Ескі баспана» бағдарламасы аясында 26 тұрғын үй салынған. 2020 жылға дейін қаладағы барлық ескі үйлер жаңартылады. «Биыл «Қолжетімді баспана-2020» аясында 86 үй, 3326 пәтер беріледі. Мұнда арендалық үй бағдарламасы бойынша кезекте тұрған, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» жүйесі бойынша жас отбасылар, қалалық ипотекалық бағдарлама бойынша кезекте тұрған азаматтар қоныстанбақ», - деді А.Есімов. Шараның соңы мерекелік концертке жалғасты.