«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша ресурстарға орташа жылдық қажеттілік 244 млрд. теңгені құрайды

 АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Алдын ала жүргізілген есеп бойынша «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы үшін ресурстарға орташа жылдық қажеттілік 244 млрд. теңгені құрайды.  

«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша ресурстарға орташа жылдық қажеттілік 244 млрд. теңгені құрайды

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.

«Соның ішінде 155 млрд. теңге мемлекеттік тұрғын үй салуға, 75 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға жұмсалатын болады. Ал, 14 млрд. теңге тұрғын үй жинақ банкін қорландыруға бағытталады»,-деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, әзірленіп жатқан қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдаудың шараларын орындау нәтижесінде тұрғын үйдің көлемі бойынша бірқатар көрсеткіштерге қол жетеді. Атап айтқанда, 2012 жылы 450 мың шаршыметр, 2013 жылы 820 мың шаршыметр, ал 2014 жылы Мемлекет басшысының Жолдауда жүктелген 1 млн. шаршыметр тұрғын үй құрылысы салынатын болады.

«2015-2020 жылдары бұл көрсеткіш әрбір жыл сайын 1,3 млн. шаршыметрді құрайтын болады»,-деді агенттік басшысы.