Қомақты инвестиция қажет емес: Қазақстанда туризмді дамытудың негізгі әлеуеті аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласындағы түйткілді мәселелерге назар аударды. Осы орайда Мемлекет басшысының осы бағытта берген тапсырмаларын ойдағыдай жүзеге асыру жолдарын сарапшылардан сұрағанды жөн көрдік.
Биылғы Жолдау барысында Президент туристік жерлердің барлығын ретке келтіру жұмыстарын жеке бақылауда ұстап тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру тапсырмасы берілді. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне ерекше екпін қойылды.
«Қала туризмін дамыту орталығы» ЗТБ атқарушы директоры, ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Татьяна Верницкая Мемлекет басшысы өз Жолдауында туризмнің еліміздің дамуындағы рөлін атап өтіп, оның мәселелеріне баса назар аударғанын айтты.

- Бұл проблемаларды шешу қажет. Бірақ бұл жерде тиісті механизм маңызды. Біздіңше, туризм саласындағы заңнамалық базаны және білім беруді дамыту үшін ғылыми компонент қажет. Сондықтан туризм бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру тиімді болар еді. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйыммен ынтымақтастық туралы келісім жасайды деп күтіп отырмыз. Бізге меморандум емес, келісімді бекіту керек. Туризм комитеті біраз жұмысты атқарып жатыр, алайда қаржыландыруға қатысты мәселе бар. Жалпы, әр өңірдің туризм инфрақұрылымын дамыту мен жақсарту әкімдіктердегі туризмді дамыту бағдарламасының жан-жақты пысықталуына байланысты болмақ. Ал егжей-тегжейлі қарастырылған бағдарлама жасау үшін барлық өңірде жеке туризм басқармалары болуы тиіс, себебі кейбірінде ондай құрылым жоқ, - деді Татьяна Верницкая.
Оның пайымынша, осыған дейін бұл проблемалар жиі көтеріліп жатқанын ескере отырып, жол бойында және туристік орындарда дәретханалар салу жөніндегі ел көлемінде бағдарлама жасау керек. Сондай-ақ өңірлердегі қонақүйлерді жөндеу мен жаңғыртуды субсидиялау қажет.
- Мұнымен қоса, Байқоңырдағы туризм инфрақұрылымы мәселесіне де назар аударуға кеңес берер едік, - дейді сарапшы.

Inside Travel туристік зерттеу компаниясының негізін қалаушы және директоры, KazakhTourism ұлттық компаниясы қоғамдық кеңесінің мүшесі Еркін Тикеновтің айтуынша, қазіргі қаржылық жағдайда өңірлер бар әлеуетін пайдалануы керек. Осы орайда бұрыннан дамыған туристік аймақтарды кеңейту қажет немесе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Солтүстік – Оңтүстік» сияқты ірі көлік тораптарына қосылу маңызды. Бұл өз кезегінде қолданыстағы ресурстар мен ағындар айналасында туристік инфрақұрылымды құруға мүмкіндік береді.
- Бұл ретте, басты мәселеге тоқтала кеткен жөн. Қазір ірі жобаларға ерекше назар аударылғанын ескерсек, әкімдер туризмді дамытуға ресурстарды қайдан алады? Олар бұл мақсатқа қаржы қарастырып, жолдар мен негізгі инфрақұрылымға қаражат сұрауы керек. Кейбір өңірлер қазірдің өзінде әуежайлар мен басқа нысандарға инвестиция алып, саланы дамыту үшін әлеуетін жақсартып жатыр. Әзірге, туризмді дамытудың нақты моделі анықталмаған. Ірі ойыншылар анклавтық курорттық туризмді алға жылжытатын сияқты, яғни осы нысандар өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарлы, тек базалық инфрақұрылымды қажет етеді. Инфрақұрылым бойынша жауапкершілікті әкімдіктерге беру саланы дамытуға оң әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, олар бұған дейін де бұл мәселелерге жауапты болды, дегенмен қазір осы бағытқа ерекше екпін қойылып жатыр, - деді Е. Тикенов.
Оның сөзіне қарағанда, көп қаржы жұмсамай-ақ, туризмнің экономикадағы үлесін арттырудың қарапайым жолы бар. Бұл тұрғыда мерейтойлар немесе фестивальдер сияқты спорттық және мәдени іс-шараларды атап өтуге болады.
- Негізінен, осы іс-шаралар - таза туристік өнім. Көбінесе оларды үгіт-насихат үшін пайдаланғанымен, бұл жиындардың ауқымын кеңейтіп, туристер үшін экспорттық өнім ретінде қарастыруға болады. Ірі спорт нысандары мен іс-шаралар өңірлердің экономикалық драйвері бола алады, мейман мен инвестиция тартады. Мәселен, «Қайрат» – «Реал» кездесуіне қанша шетелдік келуі мүмкін екені жарияланды, яғни біраз адам келгелі жатыр. Сондай-ақ, Димаш Құдайбергеннің концертіне шетелдік қонақтардың ағынын және басқа да елеулі іс-шаралардың ауқымын еске түсіруге болады. Осы тектес іс-шаралар үшін қомақты қаражат шығындаудың қажеті жоқ, кейбір мәдени жиындарды жазық далада да ұйымдастыруға болады, - деді Еркін Тикенов.
Сарапшының пайымынша, Президент Жолдауы туризмді дамытуға тың серпін беріп, оның сала ретіндегі рөліне баса назар аударылады.
- Әсіресе, таулы аймақтарда инфрақұрылымды дамыту қажеттілігіне екпін қойылып, бұл жұмыстарға әкімдерді белсенді қатысуға шақырды. Менің ойымша, әр облыс орталығында айтарлықтай күш жұмсамаса да, туризм экономиканың 10 пайызын құра алады. Монша мен мейрамхана кешендері, мәдени әрі табиғи мұраны тамашалау сияқты негізгі туристік қызметтер қазірдің өзінде барлық жерде бар. Енді осы әлеуетті қалай пайдалану керек екенін пысықтау керек. Әзірге, даму моделі толық анықталмағанымен, қаржыландыру мәселелері ашық күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, жоғары басшылық жағынан осы салаға ерекше назар аударуы фактісінің өзін оңтайлы белгі деп санаймын. Бұл өз кезегінде салааралық үйлестіруге, өңірлердің бар әлеуетін пайдалануға, спорт және мәдени туризмді дамытуға мүмкіндіктер ашады. Түптеп келгенде, экономиканың өсуі мен инвестиция тартуға елеулі ықпал етеді, - деді сарапшы.