Командаға жасалған шабуылдан кейін Того өкіметі ұлттық футбол құрамасын Африка Кубогынан шақыртып алды

Қарулы шабуылдың салдарынан жаттықтырушының көмекшісі мен команданың баспасөз хатшысы оққа ұшып, құрама қақпашысы ауыр жарақат алды, оған операция жасалды. Африка Кубогына қатысудан бас тарту туралы елдің мемлекеттік министрі, аумақтық әкімшілік министрі, үкіметтің баспасөз хатшысы Паскаль Боджона сенбі күні мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
«Мынандай қайғылы оқиғадан кейін біз Африка Кубогына қатыса алмаймыз», деп атап көрсеткен министр, «бұл қадамның өте қажет екенін, себебі құрама ойыншыларының жүйкесіне салмақ түскенін » айтты.
Спортшылар мінген автобус Конго Республикасының шекрасына жақын маңдағы Массаби елді мекенінде шабуылға ұшырады. Бұл оқиға үшін жауапкершілікті Анголаның солтүстігіндегі Кабинда провинциясында әрекет ететін сепаратистік топ мойнына алып отыр.
Дүйсенбіден бастап Тогода үш күнге аза тұту жарияланады. Бұл туралы сенбі күні мемлекеттік телеарна арқылы сөз сөйлеген Того Республикасының премьер-министрі Жильбер Фоссун Унгбо мәлім етті. Премьердің айтуынша, «Үкімет автобусқа жасалған шабуылдың құрбандарын еске алу үшін үш күнге жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы шешім қабылдады». Тогоның футбол құрамасы Африка Кубогына қатысу үшін Анголаға бара жатқан болатын.