Комиссия отырысында төтенше жағдайлардың алдын алу жайы сараланды

ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында төтенше жағдайлардың алдын алу жайы сараланды,

Комиссия отырысында төтенше жағдайлардың алдын алу жайы сараланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Әмірқұл Жылқайдаров хабарламасында аймағымызда 30-дан астам мектеп, 12 денсаулық сақтау мекемелері және 247 көп қабатты тұрғын үй апаттық жағдайда тұрғанын айтып өтті. Жергілікті жұртты алаңдататын жайт, Қызылорда қаласындағы №6 емхана құрылысы құрылымдарының бұзылуы болып отыр. Осының салдарынан емдеу орны көпшіліктің өміріне қауіп туғызуда. Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Ерсұлтан Қуандықовтың айтуынша, облыста кырым-конго безгегі және бірқатар қауіпті аурулардың таралуы жылдан-жылға өсіп барады. Осындай дертке қауіпті аймақ болып табылатын елді мекендер саны бұрын 19 болса, қазіргі уақытта екі есеге дейін өсті. Сондықтан алдағы уақытта аурудың табиғи ошақтарын залалсыздандыруға көңіл бөлуіміз тиіс. Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі облыстық аумақтық инспекциясының бастығы Бақыт Нұртазаев қазіргі күндері облыс аумағында 27,4 мың гектар алқапта шегірткелер кездесіп отырғанын, оларға қарсы фитосанитарлық жұмыстар жүргізу керектігіне назар аударды.