17:22, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Коммерциялық негіздегі ақы төлеу - оқу орындарындағы білім деңгейіне баға бола алмайды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Кеше Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов орта арнаулы оқу орындары басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізіп, облыстағы оқу орындарында ақылы негізде оқытудың кейбір мәселелерін талқылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс әкімінің орынбасары аймақтағы орта арнаулы оқу орындарындағы білім сапасы жайлы айта келіп, жуырда Астанада Білім және ғылым министрлігінде өткен басқосуда облыс атына айтылған сын-ескертпелерге тоқталды. Әртүрлі мамандық бойынша білім беретін арнаулы оқу орындарының ақылы негізде оқытатыны белгілі. Ал қазіргі дүниежүзілік қаржы дағдарысы жағдайында ата-аналарға балаларының оқу ақысын төлеу оңайға түспей отыр. Осыған орай Мұрат Мұхамедов төленбеген шәкіртақы үшін студенттерді оқудан шығаруға, сондай-ақ оқытушыларды ақысыз еңбек демалысына жіберуге болмайтынын, бұл заң жүзінде айыпталатынын ескертті.? Республикадағы кейбір университет, колледждердің оқу ақысы Ресейді былай қойғанда Еуропа деңгейінен жоғары, ? деді ол. ? Біздегі колледждерде бір студентке орта есеппен 158 мың теңге төленеді. Білім беру дәрежесі осыған сай ма? Келесі оқу жылынан бастап осы мәселеге мән беру қажет. Облыс әкімінің орынбасары оқу үшін төленген қаржының жұмсалу мақсаты күмән туғызатынын айтты. Оған құрал-жабдықтар алынып, ғимарат салынып жатса бір сәрі, ал ол тек әлдекімнің жеке қалтасын қалыңдату үшін жұмсалса ше? Сондай-ақ облыс көлемінде арнаулы лицензиясы жоқ колледждер де бар. Айталық, Қазалы, Шиелі аудандарындағы және облыс орталығындағы қаржы-құқық колледждері қаншама жандардың маңдай терімен тапқан нәпақасына ортақтасып отыр. Ал лицензиясы жоқ колледжден мамандық алғандар жұмыс таппай сенделіп жүр. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мәжіліске қатысушылар өзара пікір алысты. Лицензиясы жоқ, аттестациялаудан өтпеген жеке колледждерде оқитындар өзге оқу орындарына еш кедергісіз ауысуы тиіс. Сонымен бірге базалық негізі нашар оқу орындарын заман талабына сай қайта құру қажеттігі айтылды. Онда ақылы негізде оқытатын мектеп болмаса балабақша ашуға мүмкіндік жасау қажет.
М.Мұхамедов облыстық білім басқармасы басшыларына колледждерді аттестациялауды, оларға лицензия беру істерін заң аясында жүргізуді міндеттеді.