Коммуналдық қызметтерде есептегіштер орнату қажет
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Ақмола облысы бойынша басқармасы коммуналдық төлемдерді реттеу бағытында есептегіш құралдарын жаппай орнату ісіне бет бұрыс жасап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Басқарма бастығы Аманжол Алпысбаевтың айтуынша, өңірде айтулы саланың құлдырап, жұмысының оңға баспауы - ең алдымен тиісті төлемдердің уақытылы өтелмеуінен көрінеді. Соған орай тиісті құрылым басшылары, мемлекеттік емес ұйымдар, баспасөз өкілдерімен өткізілген дөңгелек үстел басындағы басқосуда осы жәйттерге ерекше ден қойылды. Мәселен, Көкшетау қаласында есептеуіш құралдары жоқ 9474 пәтердің 4143-інде бір адамнан тіркелсе, 435-інде ешкім тұрмайтыны анықталған. Степногор қаласында осындай 9841 пәтердің 4106-сында жалғыз адамнан ғана есепке алынған. Ал іріктеп тексеру көрсеткендей, оларда тұрып жатқандар саны одан көп. Айталық, сол үйлерде екі адамнан болса, коммуналдық қызметке ай сайын 3 миллион 172 мың теңге, үш адамнан тұрса 7 миллион 425 мың теңге зиян келтіріледі. Көкшетау қаласында шаруашылық тиісінше 1,9 миллион және 3,8 миллион теңге төңірегінде шығынға ұшырауда. Айтулы қаржылар есеп шотқа түссе, субьекті беретін судың тазартылуы мен дайындығына, желілердегі апаттарды жою шараларына жұмсалар еді. Өткен алты ай ішінде жылу және су есептегіш құралдарын орнатуға қатысты ұйымдастырылған айлық еш нәтиже бермеген. Оның басты себебі ? су тұтынушылар үйге аз адамның тіркелуі арқылы тұтыну қызметін мардымсыз төлеуді көздейді. Басқарма әкімшілігі көп болып осы тығырықтан шығудың жолы ретінде есептегіштер орнату ісін кеңінен насихаттауға, соны ойдағыдай жүзеге асыруға шақырды.