Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Компаниялар банкроттықтың кез келген сатысында бітімгершілік келісімін жасай алады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Компаниялар банкроттықтың кез келген сатысында бітімгершілік келісімін жасай алады - Мәжіліс

Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 56.4 шеңберінде көзделген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Заң жобасы арқылы төлем қабілеттігін қалпына келтіру мүмкін емес кәсіпорындардың экономикалық құнын неғұрлым ұтымды пайдалануды және бөлуді, сондай-ақ өміршең ұйымдарды қаржылық сауықтыруды қамтамасыз ететін субъектілерді оңалтудың және банкроттықтың тиімді жүйесін құруға ерекше мән берілмек.

«Құжат арқылы төлем қабілетсіздігін реттеу мәселесі енгізіледі. Бұл рәсімнің мәні - төлем қабілетсіздік белгілері пайда болған кезде, оны шешу үшін банкроттықты қолданғанға дейін борышкердің өзін реттеуіне мүмкіндік беру болып табылады. Осыған орай, борышкер өзінің төлем қабілеттігін реттеу туралы сотқа арыз бере алады. Бұл ретте тұрақсыздық айыбы тоқтатылады, кредиторларға борышкерлерді банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге тыйым салынады. Борышкерге барлық кредиторлармен берешекті өтеу тәртібі бойынша келіссөздер жүргізуге екі ай беріледі», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасындағы тағы бір жаңалық банкроттықтың кез келген сатысында бітімгершілік келісімін жасау турасында болып отыр. «Бітімгершілік келісім барлық кредиторлар келіскен жағдайда жасалады. Ондай тетіктің міндетті шарттарының бірі - бітімгершілік келісімді жасасуға дейін еңбекақы бойынша берешекті толық көлемде өтеу», - деді Б. Сұлтанов.

Министрдің сөзінше, заң жобасында қамтылған нормалар бизнесті, жұмыс орындары мен салық салу қорын барынша сақтауға, оңалту және банкроттық мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.