Компанияның акцияларын сатып алу үшін «KEGOC» қызметкерлеріне арнайы сыйақы бөлген жоқ - Б.Қажиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KEGOC» АҚ Халықтық ІРО кезінде акцияларды сатып алу үшін өзінің қызметкерлеріне сыйақы берген жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.

Компанияның акцияларын сатып алу үшін «KEGOC» қызметкерлеріне арнайы сыйақы бөлген жоқ - Б.Қажиев

«Біздің қызметкерлерге компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік жасау үшін оларға сыйақы бөлдік деген ақпарат қайдан шыққанын білмеймін»,-деді Б. Қажиев тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Осы орайда компанияда сыйыақы берудің тәртібі бар екендігіне тоқталған ол: «яғни, бізде жұмысшылар үшін тоқсандық сыйақылар бар және ол сыйақы компанияда табыс болған кезде ғана бөлінеді. Ал кіріс болмаса, онда сыйақы бөлінбейді. Атап айтқанда, біздің барлық қызметкерлер еліміздің азаматтары секілді компанияның акцияларын сатып алуға құқылы. Сондықтан, олар өздерінің құқықтарына сай бұл тұрғыда әрекет етеді»,-деп түйді.

Айта кетейік, 5 қарашадан «KEGOC» акциясын сатып алуға өтінім қабылдана бастайды. «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар Кеңесінің бекітілген шешіміне сәйкес, алғашқы лекте «KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының 25 999 999 данасы саудаға шығарылады. Қарапайым бір акцияның құны - 505 теңге.