Композитор Илья Жақанов Қазақстанның құрметті жазушысы атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысының 4 қаламгеріне Қазақстанның құрметті жазушысы атағы берілді.

Атырауда «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушыларының шығармалары» тақырыбымен Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумы өтіп жатыр. Іс-шара кезінде еліміздің руханиятына үлес қосқан қаламгерлерге құрметті атақты Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов тапсырды.

Қазақстанның Құрметті жазушысы атанғандардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов. Танымал өнер қайраткері қазақтың халық әндері мен композиторларының шығармашылығын зерттеп келеді. Халық әндерінің шығу тарихынан бірнеше кітап жазған.

Сондай-ақ, ақындар, Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп, жергілікті өлкетанушы Төлеген Жаңабаев, айтыскер Жәниба Қарасаева аталған атаққа ие болды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау университетінің студенттеріне Гейдар Алиев атындағы стипендия берілгенін хабарлаған болатынбыз.
