Көмір бағасының тұрақты болуын бақылау керек — Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Жылыту маусымында коммуналдық қызметтерді жөндеу бригадалары кез келген жағдайға шұғыл әрекет етуі тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық шаралары бойынша тапсырмалар берді.

— Бүгінде өңірлердің басым бөлігінде жылу беру маусымы уақытылы басталды. Республиканың оңтүстігінде жылу бекітілген кестеге сәйкес және ауа райына байланысты беріледі. Өңір әкімдеріне жылу беру маусымын тікелей бақылауда алуды тапсырамын, — деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьер-министр жылу көздеріндегі барлық жоспарлы параметрлердің сақталуын, отынның нормативтік қорын қадағалап отыруды тапсырды.
— Резервтік жабдықтардың әзірлігін қамтамасыз етіңіздер. Коммуналдық қызметтерді жөндеу бригадалары кез келген жағдайға шұғыл әрекет етуі тиіс. Сондай-ақ халыққа арналған көмір бағасының тұрақты болуын да бақылауда ұстау қажет, — деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, еліміздің 11 өңірінде жылыту маусымы басталды. 1 қарашаға дейін қалған өңірлерде жылумен жабдықтауды бастау жоспарланған.
Петропавлда кей үйлерге жылу беру кешіктіріліп жатыр.
Бүгін Ақтауда жылу беру маусымы басталады.