Қонаев казинолары бюджетке қанша салық төлегені анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Қонаев қаласында бірнеше казино, ойын залдары мен букмекерлік компания жұмыс істеп тұр.

казино
Коллаж: Canva

— Бүгінде 5 казино, 6 ойын залы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Қонаев қаласында тіркелген бірнеше букмекерлік компания жұмыс істейді. Биыл бюджетке шамамен 90 млрд теңге салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны ашылды, одан бөлек ойын-сауық саласында шамамен 3,5 мың жұмыс орны бар. Сондықтан адамдар табыс тауып, жұмыс істеп жатыр, — деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, Қонаев қаласындағы казино, басқа да ойын-сауық түрлері туристердің қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

— Әсіресе шетелдік туристер басым, себебі Алматы қаласы, одан да басқа туристік объектілер жақын орналасқан. Бес казиноның жұмыс істеуге лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер, ойын бизнесін тек Қонаев және Щучье қаласында ғана жүргізуге болады. Сондықтан барлығы тіркелген, заң аясында жұмыс істейді, — дейді ол.

Еске сала кетейік, биыл жазда Алматыда төрт онлайн казино жабылды.

Соңғы жаңалықтар