Қонаев қоры Дінмұхамед Ахметұлының есімі қойылған университетті сотқа берді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда орналасқан Қонаев университетін «Қонаев атындағы халықаралық қор» ҚҚ сотқа берді.
Бұл туралы қоғамдық қор Facebook желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
— «Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор» қоғамдық қоры Дінмұхамед Қонаев есімін пайдалану бойынша құқықтарды қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Талап арыздың талаптарының бірі — «Қонаев университеті» ЖШС-нің фирмалық атауынан «Қонаев» атауын алып тастау, сондай-ақ құқық иеленушінің келісімінсіз оны пайдалануды тоқтату, — делінген ресми мәлімдемеде.
Қор Дінмұхамед Ахметұлының есімін және өздеріне тиесілі құқықтарды тек құқықтық алаңда қорғайтынын және және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті.
Айта кетейік, Қонаев университетінің ресми сайтында көрсетілген мәлімет бойынша оқу орнының негізі 1993 жылы қаланған.
Сол жылы «Д.А.Қонаев атындағы колледж» мемлекеттік емес жоғары оқу орны болып құрылған. Ал 1994 жылы Д. А.Қонаев атындағы колледж базасында «Д.А.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлық институты» құрылса, 1995 жылы «Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық институт» болып қайта құрылды. Ал 2000 жылғы 11 маусымнан ЖОО «Д.А.Қонаев атындағы университет» атанды. 2023 жылы оқу ордасы Қонаев университеті болып қайта құрылды. Қазір ЖОО негізгі ғимараты Құрманғазы және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Еске салайық, 2022 жылы Қапшағай қаласына Қонаев аты ресми түрде берілді.