Қонаев-Күрті жолы Алматы арқылы өтетін көлік ағынын азайта ма
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы Алматы-Қонаев-Күрті автожолының қазіргі жай-күйін таныстырды.

ҚазАвтоЖол Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергеновтың айтуынша, республикалық маңызы бар Күрті-Қонаев автожолының ұзындығы — 67 шақырым.
Бұл жолды қайта құрылымдау, яғни 2 жолақты жолды 4 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары 2020 жылы басталған. Мердігер ұйым — «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС.

— Қазіргі уақытта 30 шақырымдай асфальт-бетон жамылғысын төсеу жұмыстары қалып отыр. Жыл соңына дейін жұмысты аяқтаймыз деген жоспар бар, — деді ол.
Жанат Өтепбергенов мердігер ұйым жобаны уақтылы аяқтау үшін 150 техника, 300 жұмысшы жұмылдырғанын және 3 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

— Қонаев-Күрті жолы — Алматы-Астана, Алматы-Өскемен тасжолдарын жалғап тұрған күре жол. Сондықтан бұл жолдың толық ашылуы транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазір жүргізушілер, Қытайдан келетін жүк көліктері негізінен Үлкен Алматы автомобиль айналма жолымен жүріп жатыр. Бірақ құрылыс жұмыстары аяталған соң, Қонаев-Күрті жолы Қорғас және басқа да өткізу пунктерінен келетін тауаларды Алматыға кірмей Орталыққа Қазақстанға жеткізуге мүмкіндік береді, — деді ҚазАвтоЖол өкілі.

Алматы-Қонаев жолының жағдайы қалай?
Күрті-Қонаев жолы әрі қарай Қонаев-Алматы жолымен жалғанады. Ал 1–санаттағы 6 жолақты бұл автожолда қазіргі уақытта көлік ағыны көбейген. Себебі көлік арқылы Қапшағай не Алакөлге демалуға баратын азаматтар дәл осы учаскемен өтеді.

ҚазАвтоЖол Алматы облыстық филиалының инженер-сәулетшісі Дәурен Закировтың айтуынша, 42 шақырым болатын Алматы-Қонаев жолымен жұмыс күндері 30 мыңға жуық, ал демалыс күндері 50 мың көлік жүреді.

Бұл статистика ақылы жол терминалында өтетін темір тұлпарлар есебі бойынша алынған.
— Терминалда 6 жолақ алдын ала төлем жасағандар үшін және 6 жолақ қолма-қол төлемге арналған. Одан бөлек мұнда операторлар жұмыс істейді, олар жүргізушілерге жүрген жолдары бойынша қалай төлем жасау керек екенін түсіндіреді, — деді ол.

Ал Жанат Өтепбергенов Алматы-Қонаев (республикалық Алматы-Өскемен жолының бөлігі) сынды көлік ағыны жоғары жолдарда сервистік қызметтердің қолжетімділігіне ерекше назар аударылатынын айтты.
Оның сөзінше, мұнда жанар-жағармай құю бекеттерін салар кезде жолаушыларға қажетті барлық қызметтерді қамтамасыз ету туралы міндет қойылады.
— Жанар-жағармай бекеттері салынатын кезде біз техникалық шарт береміз. Жүргізушілер мен жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін дүкен, намазхана, іштегі дәретхана болуын талап етеміз. Бизнес иелері соған сәйкес нысандарын салады. Сондай-ақ адамдардың сұранысына қарай кей бекеттерде электрлі көліктерді қуаттайтын құрылғылар орнатыла бастады, — деді филиалдың бөлім басшысы.


Жолдарды күтіп ұстау
Жалпы ҚазАвтоЖол мәліметіне сәйкес, Алматы облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы — 1734 шақырым.
Оның 681 шақырымы — бірінші санатты, 328 шақырымы — цементбетонды жабынмен жабылған және оның бәрі — ақылы жолдар.
Бас-аяғы 134 көпір мен жол өткелі, 2200 су өткізгіш құбыр бар.

— Бұл жолдарды күтіп ұстаумен «КАЖсервис» мекемесінің 7 жол пайдалану бөлімі айналысады. Құрамында 368 жұмыскер, 172 арнайы жол техникасы бар. Осы жылы жаңадан 57 техника алынды. Жылдың аяғына дейін тағы 7 техника алу жоспарланған, — деді компания өкілдері.

Жолдарда қоқыс жинау, жол бойындағы санитарлық гигиеналық тораптарды тазалау жұмыстары күнделікті атқарылады.
Еске салайық, бұған дейін Қарқаралы мен Балқашқа апаратын жолдар жаңарып жатқанын жазғанбыз.


