Қонаевтағы атыс пен кісі өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевтағы кісі өлтіру ісі бойынша алты айыпталушы 17 жылдан 19 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі
Фото: Pixabay.com

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 6 сотталушыға қатысты қасақана адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 7), 9) тармақшалары және 24-бап 3-бөлігі, 99-бап 2-бөлігі 1), 7), 9) тармақшалары) бойынша қылмыстық істі қарады.

Сотпен анықталғаны, 2024 жылдың маусым айында Қонаев қаласындағы «Алекс» демалыс орнында екі сотталушы мен жәбірленуші «М» арасында жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Жәбірленуші басым түсіп, осыдан кейін сотталушыларда оны өлтіру ниеті пайда болған. Олар қылмыстық ойларын жүзеге асыру үшін тағы төрт адамды тартқан. 

Сол кеште Қонаев көшесіндегі ХҚКО маңында олар жәбірленуші «М»-ға бірнеше рет оқ атқан, кейін ол ауруханаға барар жолда көз жұмды. Оның досы «Б» жарақат алып, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында аман қалды.

– Сот барлық сотталушыны ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 1) 7), 9) тармақшалары, 24-бабы 3-бөлігі, 99-бап 2-бөлігі 1), 7), 9) тармақшалары бойынша кінәлі деп таныды. Жағдайды жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес, «А» және «Т» есімді сотталушыларға 19 жыл, ал «А», «Б», «А», «Н» есімді сотталушыларға17 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады, - деп хабарлады Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Ал сотталушы «Б» ҚК-нің 422-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға және 6 айға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды.

Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын сотты болмағанын және кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде, ал атыс қаруын қолдануын ауырлататын мән-жай ретінде ескерді.

Еске салайық, былтыр жазда Қонаев қаласында түнгі уақытта қарулы қақтығыс болып, оқиға салдарынан зардап шеккен 2000 және 2003 жылғы жігіттер ауруханаға жатқызылып, 2003 жылғы азамат реанимация бөлімінде жан тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар