Қонаевтағы аутист балаларға арналған орталық қалай жұмыс істеп тұр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласында аутист балаларға арналған жалғыз орталық жұмыс істейді.

 Қонаевтағы аутист балаларға арналған орталық қалай жұмыс істеп тұр
Фото: Қонаев әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, шаһардағы бұл орталықты жеке бастама ретінде тұрғын Айжан Абраимова ашқан. Ол ерекше бала тәрбиелеп отырған ана.

- Қонаевта аутист диагнозы қойылған бүлдіршіндер өте көп. Сондықтан оларға көмек беру үшін түзету-дамыту орталығын ашуды жөн көрдім. Алдымен ақша жинап, 3 бөлмелі пәтер сатып алдым. Кейіннен Мансап орталығы ұсынған мемлекеттік гранттың конкурсына қатысып, көмек алдым. Сөйтіп, орталықтың іргесін қаладым, – деді ол.

Аутизм спектрі және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған түзету орталығында емдік массаж, жаттығу, нейропсихологтың көмегі, логопедпен жұмыс жасау секілді қызметтер көрсетіледі. Қазір орталыққа 12 бала тегін, 17 бала ақылы түрде келеді. Сонымен қатар мұнда әлеуметтік осал топтан шыққан 4 ана, 2 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылған. 

Қонаев әкімдігі
Фото: Қонаев әкімдігі

- Кей балалар, тіпті, кәмпитті өз бетінше жей алмайтын. Қазір олар біртіндеп іс-әрекетке жарап қалды. Ал бір анамыз өз баласының 7 жаста сөйлегенін алғаш рет естіді. Оңалту, емдік шаралардан кейін бір баламыздың денсаулығы жақсарып, балабақшаға баратын құрдастарының қатарына қосылды. Балаларымыздың өмірінің өзгеруіне ықпал етіп жатқанымызға өте қуаныштымын, – деді Айжан Абраимова.

Еске салайық, бұған дейін Қонаевтағы Отбасыны қолдау орталығына 1,5 мың отбасы тіркелгенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар