Көне карталар көрмесінде Батыс Еуропа саяхатшыларының тарихы 2000 жылдан асатын құнды еңбектері ұсынылды
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - «Карталар мен саяхаттар: Ұлы Александрдан патшайым Викторияға дейінгі Еуропаның Қазақстанды тануы» деген атпен өткен көне карталар көрмесі арқылы Батыс Еуропа саяхатшыларының тарихы 2000 жылдан асатын құнды еңбектері ұсынылды.
«Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде саясаттану ғылымдарының докторы Найджел Гулд-Дэвистің жеке коллекциясынан алынған Батыс Еуропа саяхатшыларының Орталық Азия аумағын, көшпелілердің салт-дәстүрі мен мәдениетін тану үдерісін айшықтаған көне карталар көрмесі ашылды, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
«Назарбаев орталығының» басты мақсаты - Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі тарихын жүйелі зерттеп, насихаттау, - деді өз сөзінде «Назарбаев орталығы» директорының орынбасары Роман Василенко. - Бүгінгі ұйымдастырылып отырған XVI-XIX ғасырлардағы Орталық Азияның сирек кездесетін карталарының көрмесі Қазақстандағы және жалпы аймақтағы мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму үдерісін тереңірек ұғынуға қомақты үлес қосады деп сенеміз».
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Найджел Гулд-Дэвис: «Қазақстанмен етене танысқан соң, еуропалық саяхатшылардың Орталық Азия халқымен қарым-қатынастарының тарихы жайындағы дүниелердің түпнұсқасынан коллекция жинауға қызығушылығым артты. Сондықтан да мен Қазақстан жеріне еуропалықтардың көзімен қарауға мүмкіндік беретін көне карталарды жинаумен айналыса бастадым. Бұл карталардың барлығы қазақ даласы мен оның халқының ғасырлар бойы еуропалық саяхатшыларды қалай қарсы алғанынан сыр шертеді. Олар еуропалықтардың ежелгі грек мифтерінен ағартушылық дәуірінің айқындығы мен талғампаздығына дейінгі түсінігінің қалай тереңдегенін көрсетеді. Көптеген карталар адамды сырттай жай қызықтырып қана қоймайды, сонымен қатар, өзінше көркемдігімен көз тартады десем, қателеспеспін», - деді.
Еуропалық Одақ өкілдігінің Қазақстандағы басшысы, елші Аурелия Бушез: «Ұлы Александрдан Жібек жолына дейінгі Шығыс-Батыс ендігі әрқашан осы құрылықта өмір сүрген халықтардың тауар алмасатын жері болған. Жаңа әріптестіктің стратегиясы: Еуропалық Одақ және Орталық Азия, сондай-ақ ЕО-мен Орталық Азия елдерінің арасындағы келісім - көрмеде көрсетілген мәдени мұраның айтулы бөлігі десек болады», - деп атап көрсетті.
Қазақстандықтардың ғылыми-ағартушылық және мәдени өмірінде осындай көрмені ұйымдастырудың маңызы туралы әңгімелеген ҚР БҒМ ҒК Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев: «Кейбір көне карталарда, тіпті біршама бұрмаланған формада болса да, тарихи өзгерістер - моңғол, кейінірек жоңғар шапқыншылығы, әсіресе, ресейлік отарлау үстемдігі мен Кеңес Одағы кезеңінде атауы өзгертілген (немесе жойылған) байырғы түрктің және қазақтың елді мекені, таулы аймақ, өзге түрлі табиғи-ландшафты кешендердің және т.б. халықтық атаулары сақталған. Өлкеміздің тарихы мен тарихи жағырафиясын зерттеп білуде олардың маңызы өте зор», - деді.
Көрменің ашылуына мемлекеттік орган өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми-талдау орталықтарының, БАҚ өкілдері мен көрнекті мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлері қатысты.